Қызылорда облысының тұрғыны миндаль мен бамбук өсіруде

1 881

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының бағбан тұрғыны миндаль мен бамбук өсіруде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 



Жаңақорған ауданы орналасуы жағынан  ерекше аймақ саналады. Бұл жақтың ауа райы да мал шаруашылығына, егін шаруашылығына, жеміс-жидек пен бау-бақша өсіруге өте қолайлы. Сондықтан болса керек, мұнда Жер-Ананың ризығын көріп отырған шаруалар жетерлік. Солардың бірі – құрып бара жатқан түпті тауып, туған мекенге жерсіндірген жаңақорғандық Амантай Сарбасов.


Иә, қазіргі нарықта жеміс-жидекке және оның өңделген өнімдері – джем, тосап, кептірілген жемістер, тағы басқаларына сұраныс жоғары. Ауыл тұрғындары бағбандықпен айналысып, жеміс ағашын баптап өсіріп, өнімін жинаса, пайдаға кенелер еді. Әсіресе, еш кәсібі жоқ, жұмыссыз отырған отбасылар бақша баптаса, бұл бақтың өніміне мемлекеттік тапсырыс беріліп, тұрғындардан сатып алу мәселесі жолға қойылары сөзсіз. Бұл әрине, болжам ғана. Бақша баптаған соң бағбан оған өз баласындай қарауы қажет. Әйтпегенде «нәзік» дүние саналатын бақ ісі оңай емес. Қош. Осы кезге дейін газет беттерінде жарық көріп жүрген бағбан мен бақ бар. Мәліметтерге сүйенсек, Амантай Сарбасовтың бұл кәсіпті бастағанына алты жылға жуықтаған. Алты жылда алты рет ат басын бұрып, бағбанмен тілдескен жаңақорғандық әріптестеріміз газет бетіне ақпараттандырудан жалыққан емес. 


Амантай ағамыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұстанымды берік ұстайды. Ол бұл істе бір мақсат, бір мүддені көздейді екен. Нысанасы – елге табиғи өнім ұсыну. Алдымен жастарды осы кәсіпке бейімдеп, нәпақа табу, одан соң табиғатқа таза жанашырлық көрсетуді мақсат еткен. Қай уақытта барсаңыз да бақ іші таңнан тынымсыз тірлікпен басталады. Себебі, қазір нағыз көшет отырғызатын кез. Жаңақорған кентінің тұрғындары қалаған жеміс бұтағын пұлдап алып кетіп жатыр екен. Көшеттердің бағасы базар нарығынан әлдеқайда төмен. Сонымен қатар бағбанның өзінен кеңес алып, будандастыру тәсілдері бойынша көп тәжірибе жинауға болады. 


Амантай Бектайұлының елге жасаған жақсылығы да жетерлік. Мәселен, облыс орталығындағы балалар үйіне, оқу орындарына тегін алма ағаштарының көшетін сыйлап, өзі өсіріп береді екен. Бұл қамқорлықты жаңақорғандық жерлестері де жақсы біледі. Ал былтыр Атырау жақтан сұрыныс келіп, қаншама ағашты сол өңірдегі жетімдер үйіне жеткізіп берген. Бір қызығы ол бұл қамқорлықтарды ақысыз атқарған. Амантай ағамыздың «Оң қолым жасағанды, сол қолым көрмесін» деген серті де бар деседі. Ерте көктемде басталған қызу тірлік толассыз жүріп жатыр. Осыдан үш жыл бұрын келген бамбук әзірге ұйқыда жатыр. Ол да Жаңақорғанның жерін жатсынбаған. 


«Көктем шықса болды диқандар секілді біз де бақшаның басынан табылып, күні-түні қасында боламыз. Арнайы мамандар мен жалдамалы қызметкерлерім бар. Бұл тірлікке жас¬тар келе бермейді, келсе бір жағынан еңбекақысын алады, екінші жағынан тәжірибе жинақтап, ертең осы істі кәсібіне айналдырар еді», - деген бағбан әңгімесін әріден бастады. 


Амантай Сарбасов осындағы 1 гектар жылыжай құрылысының қадасы қирап қалмағанында «полонья» деген талды өсіруге ниетті болғанын жеткізді. Оның қызметі жерасты және жер бетіндегі зиянкестерді бойына сіңіріп алады, ауаны тазалап, бір жарым айға дейін гүлдеп тұрады екен. Оның бойынан нәр алған араның өнімі әлемдегі ең мықты бал дейді бағбанның өзі. Ол ағашқа ылғал көбірек қажет, сол үшін оны дария тұсына отырғызуды көздеп отыр. 


«Бұл ағашты көршілес өзбек ағайындары өндіріске 2009 жылы жіберді. Қырғызстан 2012 жылы қолға алса, біздің ел енді қозғала бастады. Онда да арабтардың ықпалымен жүзеге аспақшы. Сондықтан ерте қимылдау керекпіз. Біз жалпы көштен қалып барамыз. Ояну керекпіз», - дейді бағбан. 


Амантай ағамыз биыл зейнет жасына келеді. Бойда күш-қуат бар кезде елге болысып қалғысы келетінін жеткізді. Ал бағбанның өзі бау-бақша ісін жылыжайдан бастаған екен. 2009 жылдардан бастап Қандөз бен Қаратөбенің ортасында 65 градуста ағып жатқан жылы суды пайдаланып, 70 соттық жерге жылыжай орналастырыпты. Содан бері бір маусым да құрғамай, қияр мен қызанақтың жемісін жиып алып отыр. Мұның қабатында Үкіметтің «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 149 бас мал алып, жеті жылда алған несиесін толық өтеп болған. 


«Жалпы тұқымбақ ұстау – өте тиянақты тірлікті талап ететін жұмыс. Мысалы, қазір жеміс ағашын дәннен шығаратындар аз. Негізі осы әдіспен өскен ағаш 70-80 жыл жеміс береді. Ал көшеттеп егілген талдың ғұмыры 18-20 жылдан ұзамайды. Егер алмаларды кесіп тұрса, көлемі үлкен өнім береді, ал, кеспесе жабайы болып өседі де, кішірейіп кетеді. Оның үстіне сырттан келіп жатқан көшеттің көбі ауру. Олардың бойында наркотикалық нәр болады. Шілдеде уақытылы дәрісін берсең өседі, бере алмасаң демі таусылады. Ол дәлелді дүние. Сондықтан да өзім жеміс ағаштарын қаламша арқылы будандастырудамын. Көшеттер мен жеміс сақтайтын қойма салу мақсатында көршілес Түркістан облысындағы тұқымбақтың тәжірибесімен таныстым. Олар көшеттің көбін Польша, Италия, Түркия мемлекеттерінен алады екен. Екі мың тонналық қоймалары да жұмыс істеп тұр. Тұқымбақтағы ағаш та, жеміс те көздің жауын алады. Бірақ бақты бір маусымда 16 мәрте улайтындары көңіліме қона қоймады. Алма сақтайтын жер де осындай өңдеуден өтеді. Түбірін айтқанда бір талдың жеміс берер уақыты 3 жыл болса, нағыз кемеліне 5 жылда келеді. Сол үшін шыдам мен бап керек», - дейді Амантай Сарбасов. 


Бағбанның айтуынша, біздің ел қазір импортқа, яки өзге елдің өніміне тәуелді. Мұндай тәуелділікті тоқтату үшін осындай шаруаларды қолдау керек-ау дейсің кейде. Түрлі химикатқа толы жеміс-жидек сырт мемлекеттерден онсыз да ағылып келіп жатыр емес пе? Біздің бар мақсатымыз жұртқа таза өнім жегізу болу керек. Сондықтан да бағбан кейіпкеріміз осы жердің өзін малдың қиы, тауықтың көңі арқылы өңдейді екен. Ізденіп жүріп, балығы, суы, жеміс ағашына дейін таптырмайтын дәрумен екенін білгесін, оны да өсіруді қолға алған. «Енді қойманы өз күшіммен бастап көрмек ойым бар» деген Амантай ағамыз өз идеясымен де бөлісті. 


Бағбан баптаған бақшада алманың 20 сорты бар. Ал одан бөлек өрік, шие, шабдалы, жүзім сынды жеміс-жидектерден бөлек грек жаңғағы, миндаль, бамбук дегендерді өзге жақтан әкеліп, біздің топыраққа жерсіндіріпті. Американың «Аладар» деп аталатын жүзім сортын еккен. Ұзындығы шырпының шиіндей болады екен. Одан басқа биыл украиналық жүзімді өсірмекші. Айта кететіні, миндальдың дәнегінің адам ағзасына пайдасы көп. Павлония деген өсімдік бар екен, ағашын жиһаз жасауға, музыкалық аспаптың қабығын, қасық-тостақ, сейф материалына пайдаланады. 


Амантай ағамыздың тағы бір бастамасы студент жастарды жұмылдыру, оларды қолдан келгенше оқытып, мол тәжірибе үйрету болып отыр. Сол мақсатта былтырдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің шәкірттерін шақыруда. Ол үшін қаладағы бірнеше оқу орындарының айналасын көгалдандыруға дем беріп келеді. 


Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас агрономы Даурен Абибуллаевтың мәліметтеріне сүйенсек, аттестатталынған бұл тұқым шаруашылығында сатылған көшеттер ереже бойынша субсидияланады.


«Амантай ағамыз «7 kz Сыр Табиғаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Бізбен тығыз байланыста болады. Шаруашылықтан қанша көшет сатып алсаңыз да мемлекет сол жұмсаған қаржыңыздың жартысын қайтарып береді. Екінші жағынан, ағамыз табиғи өніммен нәрлендіреді. Сондықтан алушылардың қатары көбейіп, нарықта сұраныс артты», - дейді бас аграном. 


Бағбан өнімді қайда экспорттайтынын да айтты. Ол тек қос облысты ғана атады. 


«Негізінен өнімдерімізді Түркістан қаласына апарып, көтерме бағамен сауда орындарына жеткізіп беремін. Сол жерден ары қарай Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарайды. Әрине, өз ауданымыздағы жекеменшік және қоғамдық тамақтандыру орындарын тұтас қамтамасыз етуге де қауқарымыз жетеді. Бірақ, білесіздер ғой, тендер деген механизм бар, біз одан тыс қаламыз. Сөйтіп екі жаққа да тиімді, тасымалдау шығыны аз өндірісті жолға қоя алмай келеміз. Бұған аудан басшылығы, кәсіпкерлік бөлімі жанашыр көзқарас танытса деймін», - деп назын жеткізді тәжірибелі бағбан.


Қазір нарықтағы шет елден келетін жеміс-жидектің көбі дерлік дәріленгені рас. Себебі, қаншама қыр асып, апталап тұратын бақша дақылдары өне бойын сақтап қалуы үшін дәріленетіні айтпаса да түсінікті. Ал, біздің кейіпкеріміз жеміс ағашының ең керек азығы қызыл шылаушын дейді. Соның берген нәрімен әлденген ағаштың өнімі таза болады екен. 


«Балалардың басындағы ісік, жүрек ауруы, одан бөлек қаншама ауру түрі дәріден қалыптасады, сондықтан осыны тоқтату керек. Мұны айтқандағы мақсатым өнімімді өткізу емес, онсызда тұтынушылар өте көп. Бірақ жергілікті жұрт, жаңақорғандықтар көбірек тұтынса деген ниетім бар. Бағасы арзан, тіпті төмен бағада ағаш беруге әзірмін. Мемлекеттен де жеңілдік бар», - деген бағбан ағамыз бар білгенімен бөлісті. 


Айта кеткен жөн болар, бұл шаруашылық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолының бойында орналасқан. Жеміс-жидек талдарының тұқымбағын жасаған білікті, тәжірибелі маманды іздеп келушілер өте көп. Келіп қызықтап кету ғана емес, болашаққа азық етіп, өскелең ұрпаққа қалдырып кетуді аманат еткен ол. Мәліметтерді шолып отырып, бір ақпаратқа көзіміз түсті. Онда осыдан бірер жыл бұрын жарияланған бағбанның игі ісі жазылыпты. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында серіктестік төрағасы Амантай Сарбасов Жаңақорған ауданының және Қызылорда қаласының тұрғындарына жеміс көшеттерін тегін таратқан. Жаңақорған кентінде ашылған агро-индустриялық аймақ маңынан жер алып, тұқым бағында алма мен өрік және тағы басқа жемістің түрлерін еккен еді. Кәсіпкердің Шорнақ ауылындағы тұқымбағында жеміс көшеттері кемеліне келген. Қайырымы мол азамат сол кездегі Жаңақорған ауданы әкімі Ғалым Әміреевтің жеке қабылдауында болып, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында аудан бағбандарына тегін көшет бергісі келетінін жеткізеді. Аудан басшысы кәсіпкердің ұсынысын қуана қабылдап, көгалдандыру жұмыстарына пайдалануға пәрмен береді. Содан кейін кенттің 100-ден астам тұрғыны мен 20-дан астам балабақшасына тегін жеміс көшеттері таратылған.


Акция аясында көшет алған кент тұрғыны Ақан Сейтқалиұлы «Бау егуге жастайымнан құмармын. Бірнеше түп жеміс ағаштары қартайған еді. Енді оларды алып тастап, орнына алманың көшеттерін отырғыздым. Шыны керек, базардағы көшеттердің дені көгере бермейді. Ал, Амантайдың көшеттері көгеріп тұр» деген еді.


«Қарғыс алма, алғыс ал!» деген ескіден аталы сөз қалған. Осыны ескеріп, қайырымды жұмыс жасауды ойладым. Менен Қызылордаға «Дорстройсервис» ЖШС және облыстық бірнеше басқарма 2000 көшет алды. Аудан тұрғындары мен мекемелеріне де 2000 түп жеміс көшетін тегін бердім» деген екен сол уақытта кәсіпкер.


Амантай Сарбасовтың таратқан көшетінің бағасы – 3,5-4,0 млн теңгені құраған. Бірақ, кәсіпкер маңыздысы көшеттері көгеріп, аудан жасыл аймаққа айналса болғаны дегенді сол кезде де алға тартыпты. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны анық.


«2010 жылдан бері осы диқаншы¬лықпен айналысудамыз. Көлемі 70 соттық аумақты құрайтын жылыжайда қияр өсіреміз. Осы уақытқа дейін қияр мен қызанақты бірге егіп жүргенбіз. Екі жылдан бері елімізге індет келгелі қызанаққа сұраныс азайды, әрі шығыны көп. Ерте көктемде еккен қиярды жинап алып, енді күздік егінді бастадық. Бұйырса, қараша айынан бастап өнім бере бастайды. Негізінен жылыжайдан өнім алу өте қиын шаруа. Оған күтім көп керек. Неге десеңіздер, біздің ауданда мамандар жоқтың қасы. Бастапқы¬да өзге өңірден мамандар алдыртып, тәжірибесімен бөлісіп, өзіміз кәсіби бағбандар дайындадық. Қазір жаман емес, шығымы жақсы, кешенде 6-7 адам жұмыс жасайды. Жылыжайда егін егу, бесіктегі нәрестені мәпелегенмен бірдей. Сәл желкем соқса солып қала¬ды. Жылыжайдың температурасы +6 градустың өзінде жеміс жаурап өспей қалады. Сосын 40-45 күн жылы суда жату керек. Өйткені, оның өзегінде су жатпаса өліп қалады. Қияр сумен өседі», - дейді кәсіпкер.


Десе де, биылғы науқан был¬тырғы жылмен салыстырғанда төмендеу болғанын да жасырмады. Көктемгі науқаннан былтыр 30 тонна өнім алса, биыл небәрі 15 тоннаға жуық өнім жиналыпты. Себебі, қаражаттың тапшылығынан дәрі-дәрмекті уақытында ала алмады. Барға қанағат етіп отырған жылыжай иесі Түркістан мен Қызылорда қаласынан сұраныстың көп екенін де сөз етті. Сондықтан өнімді көрші облысқа жөнелтіп жатқанын жасырмады. Жыл сайын жылыжай шаруасын ширатып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған қожалықтың берекелі ісіне жерлестер дән риза.


«Жылыжай салу ісі көптен бері ойымда жүрген, ойға алған істі жүзеге асыру үшін қаржы мен күш керек екені белгілі. Бүгін сол арман мақсатыма қол жеткізіп отырмын. Жылыжайдың құрылысын қыста бастаған болатынбыз. Бірінші кезекте нысанды жылыту жүйесін орнаттық. Көкөністі тамшылатып суару жүйесімен суаратын боламыз. Өйткені бұл жүйе суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жылда егілетін өнімді көбіне өзге аймақтарға жөнелтеміз. Сондай-ақ, аудан орталығында да келісім бойынша өткізетін екі-үш мекеме бар. Жалпы, субсидия мәселесі бақшаға қаралсын, қаралмасын, біз мемлекеттен қолдау көрмейміз. Әуел баста жылыжайды қолға алғанда ғана субсидия беріледі. Одан кейін ыстық-суығына өзің жауаптысың. Содан болар аудандағы шығынға ұшыраған өзге жылыжайлар қаражаттың жетіспеушілігінен тоқтап тұр. Егер мемлекет тарапынан аз-кем қолдау көрсетілсе, жұмысымыз жанданып кетер еді», - деген мәселесін айтты.


Қожалық қияр ұрығын голландиялық компаниядан алады. Ал, тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмекті Түркістандағы «Агро» дүкенінен тасымалдауда. Бір өкініштісі, аудан нарығы жергілікті өнімді сатып алуға құлықсыз. Міне, «7 kz» шаруа қожалығын осы мәселе алаңдатады. Аудан көлемінде қолға алынып, жұмысын қарқынды бастаған жылыжайлардағы кедергілер жөнінде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің маманы Дәурен Абибуллаев:


«Дәл қазіргі уақытта аудан бойынша 1 ғана жылыжай жұмыс жасап тұр. Қалған үшеуі «Нұрлы кент», «Жан» және «Абдулла» шығынға батқан себебінен жұмысын тоқтатты. Егер оларға қолдау болса, жылыжайды дамытып, халықты көкөніспен қамтуға ниетті», - дейді.


Иә, шаруа еңбек етуге талпынған адамды Жер-Ананың құралақан қалдырмайтынына көзі жетсе керек, бақ өсірудің машаһатына қарамастан, оның күтіміне бар күшін сарп етуде. «Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген аталы сөзді өмірлік ұстаным еткен ағамыз бағындағы жеміс-жидектердің балбырап пісуін ғана күтіп отыр. Қалай десек те, жерге еткен жақсылық жерден қайтады. 


Жемісі өз алдына, кез келген ағаш ауаны тазартады. Ал, тазалық – бүгінгі ұрпақ саулығының негізгі кепілі. Сондықтан да кез келген тұрғын базардың емес, өзіміз баптаған таза жемісті тұтынуы қажет. Бұл ретте, Амантай Сарбасов сынды бағбандардан үйренеріміз көп екені анық.