Қызылордалық кәсіпкер мемлекет қолдауы арқасында сәнді сабын жасауды қолға алды

1 103

Қызылорда облысына қарасты Арал ауданында сәнді сабын жасалуда,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат  агенттігі.

Ел экономикасының дамуына бағытталған басты қозғаушы факторлардың бір бағыты – кәсіпкерлік саласы екені жасырын емес. Елдің қазынасын толтырып қана қоймай, жұмыссыздықпен күресті оңтайландыруда да осы саланың беріп отырған серпіні тым ерекше. Сондықтан мемлекеттің де назарынан тыс қалмай, ұдайы қолдауға ие болып келе жатқан кәсіпкерлердің табысты еңбегі еселі десек қателеспейміз. Әсіресе бұл ретте жастардың өз ісін бастап, оны жандандыру, ары қарай дамытуға деген жоспарлары, сол жоспарды жүзеге асырудағы шаралары көңіл қуантады. Олардың кәсіпкерлікке деген көзқарасы мен тың идеялары тек өздерін емес, өзгелерді де шабыттандырып, осы бағытта еңбек етуге үлкен көмек болып отыр.

Расында тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері кәсіпкерлік бағытындағы түрлі қиындықтарды бастан өткердік. Ол жасырын емес. Бастайтын істі толықтай зерделеп, жоспарлап алмай қолға алынғандықтан кәсіптің өміршеңдігі де ұзаққа созылмағанын көріп, біліп жүрдік. Ал бүгінде жүйелі жұмыс пен жетістікке жетуге бағытталған бағдардың нәтижесінде ауданымыздың өзінде бірнеше мыңдаған азамат кәсіппен айналысып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2030 жылға қарай жұмыс күшінің үштен бір бөлігіне жуығы цифрлық дағдыларды меңгерген және ерекше қабілеттері бар жастар болады. Оларды тиімді пайдаланған жөн. Үкімет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, кадрларды әзірлеу үшін ұзақмерзімді бағыттарды айқындауға тиіс. Яғни алдағы 10-12 жылға арналған құзыреттер болжамын жасау қажет» деген болатын. Міне, кәсіпкерлер палатасының жұмысы қазірдің өзінде өз жемісін беріп отыр. Осындай бағытта барынша табысты еңбек етуді меңгерген Арсена Күшжанова өзінің ерекше жұмысымен тұтынушыларын таңдандырып келеді.

1988 жылы көршілес Қырғызстанның Ыстықкөл облысында дүниеге келген кейіпкеріміз бүгінде Аралдың келіні, төрт баланың анасы. Отбасылық қызмет пен келіндік міндетін адал атқарып келе жатқан Арсена бүгінде кәсіпкерлік саласында жан-жақты бағын сынап, табысты еңбек етуде. Қазіргі уақытта косметикалық дүкеннің иесі тағы бір ерекше жұмысымен жұртшылықтың сұранысын қамтамасыз етіп келеді.

Нақтырақ тоқталар болсақ, көздің жауын алатын түрлі пішіндегі сувенирлік сабындар жасап, өнімі кеңінен таралып үлгерген. Осы жайында сұрағанымызда кәсіп иесі:

– Кез келген жұмысты бастауға бір себеп табылады ғой. Менің де өз себебім бар. Алғашында бұл тек хобби болатын. Бірақ декреттік демалыста отырған уақытымда 2017 жылы қызымның үстіне майда бөртпелер шықты. Ана баласы үшін қандай нәрсеге де дайын тұрады емес пе?! Мен де қызымның денсаулығына қатты алаңдадым. Сол уақытта эфир майы арқылы, басқа да қоспалар қосып, оның оң әсер беретінін білдім. Сосын осындай емдік қасиеті бар сабынды жасауды қолға алып, бірнеше данасын жасадым. Алғашында жақындарым және сабынның пайдасын естіген бірнеше адам сатып алды. Бірақ ол уақытта қазіргідей жарнамалауға мүмкіндік аздау болды. Сондықтан сұраныс та аздау болғандықтан, ол кәсіптен қол үзіп кеттім. Және дәл сол уақытта оны кәсіп қыламын деп ойламаған да болатынмын, – дейді А.Күшжанова.

Бірақ қазіргі уақытта жарнамаға да мүмкіндік бар, халықтың да талғамы бөлек уақыт. Бүгінгі уақытта сәндік сабындарға да сұраныс өте жоғары. Тойтабаққа, өзге де тарту жасауға әсемдігі мен ерекшелігіне қарап сәндік сабындарға тапсырыс берушілер өте көп. Сондықтан сабын жасауға ден қойдым. Алдағы уақытта қолдан келер дүниені дамыту мақсатында жан-жақты жұмыс істеп, мемлекеттің қолдауын да пайдаланғысы келеді.

– Өткен аптада ауданға арнайы келген Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пирмұхаммед Сыздықов көрмеге қойылған өнімімді көріп, ерекше қызығушылық танытты. Мұндай тың жаңалықты қолдауда облыстан да ерекше көмек болатынын айтты. Себебі мұндай сәндік сабын жасап отырған өзге кәсіпкер болмағандықтан, бәсекелестік те аз. Сол себепті әрі қарай дамытуға жағдай жасаймыз деді, – деп қуанышты жаңалығымен де бөлісті.

Сабын – тілімізге арабтың «сабун» деген сөзінен енген кірме сөз. Сілтінің, сақардың және майдың қосындысынан жасалған, суда еритін кір жууға арналған кесек немесе қоймалжың сұйық зат. Бүгінде сабынның сан түрлі атаулары бар. Сабын өндірісі бұдан 6000 жыл бұрын жүзеге асқанын археолог-ғалымдар дәлелдеп отыр. Сабынның адам баласына ертеден белгілі екендігі туралы Рим дәрігері Гален шығармаларында жазылған. Оны көп мөлшерде өндіру ХІХ ғасырда сода тәсілі табылғаннан кейін жедел өркендеді. Орта ғасырларда сабын өндіру жөнінен Марсель портты қаласының аты шықты. Ресейде сабын І Петр дәуірінде пайда болып, ХІХ ғасырдың ортасына дейін ақсүйектерге ғана белгілі болды. Қазақ арасында сабын сөзі одан әлдеқайда ертерек пайда болғанын мына мысалдардан аңғаруға болады. Мәселен, Бұқар жырау (1668-1791 жж) өлеңдерінде мынандай жолдар бар екен:

Қара қойдың терісін,

Сабындап жусаң ағармас…

Одан кейінірек Шал ақын Құлекеұлы (1748-1818 жж) былай депті:

Сабының сақар болды дені келін,

Көрмедің шыбын құрлы мені келін

Сабын — жоғары май қышқылдарының тұздары. Жалпы химиялық формуласы: RCOONa. Тарихта сабын туралы мәліметтер ерте кезден белгілі. Мысалы, римдіктердің сабын қайнатқаны туралы дәрігер Галеннің шығармаларында жазылған; Әбу Әли ибн Сина өз қолжазбаларында шығыс елдерінде сабын қолданылғаны және Византияда сабын жасалғандығы туралы мәлімет берген. Ал скифтердің жуғыш заттар қолданғандығы туралы Геродот жазған. 9 — 10 ғасырларда Орта Азияның Асбара (Исфара), Бахи, Термез қалаларында сабын сатылып, моншалар салынған. Сабынды көп мөлшерде өндіру 19 ғасырда сода алу әдісі ашылған соң өркендей бастады. Сабын — кристалл қатты заттар, 220 — 270C-та балқиды; ыстық суда, органикалық еріткіштерде жақсы ериді. Судағы ерітінділерінің беттік актив заттар ретінде жуғыш қасиеті бар, себебі сабын әлсіз қышқыл және күшті негіздің тұзы болғандықтан гидролизге ұшырайды. Мысалы, RCOONa+HOHR—COOH+ +NaOH. Мұндағы R радикал, егер ол кіші мән H, CH3, C2H5, C3H7-ге тең болса сабын жақсы еріп, жуғыштығы жоғары болады. Қарапайым сабын — карбон қышқылдарының тұздары. Оларды глицерин мен әр түрлі май қышқылдарының эфирлері болып саналатын табиғи майлардан (өсімдік, жануар, балық майлары) алады. Қазақтар жануар майын алабұта, балаты қурайы, сексеуіл шырпысы немесе басқа өсімдік күлімен (сақар) араластырып, қайнату арқылы қолдан сабын жасаған. Өнеркәсіптік жолмен сабын алу үшін көптеген шикізаттар (өсімдік майы, жануар майы, KOH, сода, NaOH, сақар, конифоль, нафтен, т.б.) қолданылады. Майдың гидролизінен алынған ерітінді қатайғанда, глицерині бар сабын түзіледі. Оған ас тұзын қосқанда қатты сабын алынады. Құрамында май қышқылдарының тұзы мен органикалық және бейорганикалық қосымша заттар болатын кір сабын, 72%-ды қатты сабын, хош иісті заттардан тұратын иіс сабын, медицинада қолданылатын арнайы сабын тәрізді түрлері бар. Тоқыма, былғары, металлургия өнеркәсібінде, сондай-ақ, зиянды жәндіктерге қарсы күресте препараттар дайындауда техникалық сабын қолданылады.


Расында кәсіпкерлік саласында тың бастама мен жаңашылдық өте маңызды. Ендеше заман талабына сай өнім дайындап отырған Арсенаға біз де табыс тілейміз.