Қазалыдағы сүт цехында 20 түрлі өнім өндіріледі

2 664

Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданындағы сүт цехы қарқынды еңбек етуде,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Бүгінде Қазалы ауданының кәсіпкерлері ата кәсіпті қолға алып, мал шаруашылығы өнімін өндіруге бет бұрған. Соның бірі – «Зейнеп ана» шаруа қожалығы.

Бұл шаруашылық мал өсіріп қана қоймай, одан шығар өнімін бүгінгі талапқа сай өңдейді. Сүт, ет өнімдерін шығаратын шағын кәсіпорын құрып, айран, кілегей, май, сүзбе, ірімшік, қаймақ, қазы барлығы 20 түрлі өнім өндіріледі. 

Жеке кәсіпкер Әби Әбдірахман қажетті өнімдерді аудан халқына өзінің «Рабия» дүкенінде ұсынады.

Қазір осы шаруа қожалығында 3 адам еңбек етіп жатыр. Цехта жұмыс азанмен ерте басталады. Цех шағын үш бөлмеден құралған. Бірі сүт өңдейтін бөлме, ыдыс-аяқ жуатын орын, ағарғанды сақтайтын салқын бөлме және демалыс орны бар.

Кәсіпкер осы кәсіпті ашуды бірнеше жыл жоспарлаған. Сүт цехының атауын әжесінің есіміне қойды. 

– Жобаны биыл бастадық. Тәулігіне 80 кг. өнім шығарып жатырмыз. Одан бөлек, қазының үш түрін, холодец, сорпа жиынтығын. Қазір 100-ге жуық бас сиырымыз бар. Соның күнделікті сүтін пайдаға асырып келеміз. Бізден шыққан өнім әзірге өз дүкенімізде сатылуда, – дейді шағын кәсіпорынның басшысы.

Алдағы уақытта Ә.Әбдірахман кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. 

– Шаруа қожалығымыз әжеміздің атына, дукеніміз қызымыздың атына берілген. Келіншегім екеуіміз бірге Қорқыт ата университетінде «Аграрлық техника және технология» мамандығы бойынша білім алдық. Кәсіп ашу – оқып жүрген уақыттан мақсатымыз болатын. Алдағы уақытта құрылғылар алып наубайхана, шұбатхана ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Ә.Әбдірахман.