Мұрат Әшірбеков: «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ең жоғарғы сома 8,6 млн. теңге
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ең жоғарғы сома 8,6 млн. теңге,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында Үкімет «АМАNАТ» партиясымен бірлесіп, бүкіл Қазақстан бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты.
Жобаны өңірде іске асыру мақсатында аудан әкімдігінің мәжіліс залында Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен жиын өтті. «Ауыл Аманаты» жобасы аясында өңірге бөлініп отырған «2,5 пайыздық 3 млрд теңге көлеміндегі несие қаражатын ұтымды пайдаланудың жолдары» тақырыбында жиын өтті.
Басқосуға аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков, жауапты бөлім басшылары мен кент әкімі және ауылдық округ әкімдері «зум» желісі арқылы қатысты.
Жиын барысында аудан әкімі 2,5 пайыздық несие қаражатын алудың жолдары мен шарттарын тұрғындарға толықтай түсіндіру керектігін айтып, ауылдық округ әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Келесі кезекте, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков сөз алып, жобаның шарттары мен қаржыландыру бағыттарын түсіндірді.
«Ауыл Аманаты» жобасының негізгі қаржыландыру өңдеу саласы, өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту және басқа бағыттағы бизнес жобалар бойынша бағытталған. Несие мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін көзделген. Ең жоғарғы сомасы – ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 8,6 млн теңге, зәкірлік кооперация – шағын және орта шаруа қожалықтары және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 27,6 млн теңге дейін беріледі. Сыйақы мөлшері жылына 2,5 пайыздан аспайды», – деді бөлім басшысы.
Несие талабы бойынша несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиіс, басқа несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар және мемлекеттік кірістер органдарында берешек болмауы тиіс. Сонымен қатар кепілмен қамтамасыз ету, зейнет жасына жетпегені және ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жер телімі, қораның болуы да маңызды.
Жоба әкімшісі ретінде облыстық ауыл шаруашылығы және қатынастары басқармасы белгіленсе, сенімді өкіл ретінде «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» белгіленіп отыр. Ал, жоба «Өңірлік инвестиция орталығы» МҚҰ арқылы жүзеге асырылатын болады.
Биыл «AMANAT» партиясы 250 мыңнан астам ауыл тұрғындарын «Ауыл аманаты» жобасымен таныстырды. Арнайы құрылған мобильді топтар елдегі барлық өңірді аралап шықты. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз бизнесін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті ақпарат пен түрлі мүмкіндік алды. Осы ретте аталған жобаның негізгі мақсаты – басты шарттарымен тағы да бір таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау. Биыл сәуір айында шенеуніктер халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасын бекітті. Осы құжат аясында «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылы толық іске қосылады деп жоспарланып отыр. Соған қарамастан мобильді топ өкілдері ауылдықтарды жобамен мүмкіндігінше кеңінен таныстыру үшін елдің барлық аймақтарын аралап шықты. Оның ішінде ең шалғай ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында ауыл кооперациясы аграрлық саланы дамытуға жол ашатынын айтқан болатын.
«Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет», – деген болатын Президент өз Жолдауында.
Мобильді топтар жобаның мән-мақсатын түсіндіру және таныстыру жұмысын 28 шілдеде бастады. Осы уақыт ішінде 425 ауылға барып, 250 мың адамды қамтыды. «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. - несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; - несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; - номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы Нұркен Шарбиевтің айтуынша, ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады.
«Ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38%-ды құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға көмектесуге тырысамыз. Жобаның мақсаты мен міндетін түсіндіру үшін кең ауқымды 40 күндік ақпараттық марафон өткіздік. Мобильді топ құрамындағы тренерлеріміз 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында республикадағы 179 ауданның 425 ауылы мен ауылдық округінде 250 мың азаматты қамтыған кездесулер өткізді», – деді ол.
Ауылдықтар жобаға үлкен үміт артып отыр Жобаға ауыл тұрғындарының да қызығушылығы зор болды. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсіптерін дамыта алатынына дән риза. Мысалы, солардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы Новопокровка ауылында тұратын көпбалалы ана Мушахира Төлебаева.
«Жылыжай шаруашылығым бар. Онда қияр, қызанақ және тағы басқа да көкөністер өсіреміз. Алайда биыл құрғақшылық болды. Жаңбыр жауған жоқ. Бақшаны ауызсумен суарамыз. Су жинап жатқан кезде ауыл тұрғындары сусыз қалады. Жылыжайға үнемі күтім қажет болғандықтан, кейде тіпті ішерге су таппай қаламыз. Былтыр 520 мың теңгені құрайтын грант ұтып, сол қаражатқа тамшылатып суару таспасын сатып алдым. Кейін шағын консервілі цех ашу идеясы пайда болып, тағы да грант ұттым. Арнайы бизнес-жоспар құрдым. Алайда қайда барып, кімнен не сұрау керектігін білмейсің. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібімді әрі қарай дамыта аламын деп ойлаймын», – деп жобаға үлкен үміт артатынын жеткізді Мушахира Төлебаева.
«AMANAT» партиясы өкілдері, 2019 жылдан бастап табысты арттыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан Жамбыл облысының оң тәжірибесі ауыл тұрғындарын бағдарламаға қатысуға ынталандыруы тиіс деп атап өтті. Мәселен, осы өңірге республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінген. Жобаға қатысуға 11 ауылдық округ іріктелді. Осылайша, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 3 есеге қысқарып, аталған ауылдарда орташа айлық табыс мөлшері 1,7 есеге ұлғайды. Жұмыссыздар саны 36 %-ға азайды. Микрокредиттер бойынша, 60 күннен астам мерзімі өткен төлемдер болмады.
«Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға көмектесеміз. Айталық, барлық жерде бірдей қызылша өсіру немесе ірі қара мал жаю мүмкін емес. Жамбыл өңірінде тұрғындардың 68 %-ы атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан шықты. АӘК алуды жалғастыру немесе осы бағдарлама арқылы ақша таба бастау. Тұрғындар осындай таңдау жасап жатыр», – деді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектесетін болады. Осы ретте «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізді. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында 2 346 адам курстан өтіп, білімін жетілдірді.
«Кооператив құру және өткізу тізбегін қалыптастыру бойынша тренингтер өткізілді. Адамдар жекелей жұмыс істей алатынын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативіне біріге алатынын түсіндірдік. Бұл қадам шығынды азайтады. Мысалы, жемді нарықтағы бағадан 40-50 %-ға арзан бағамен сатып алуға болады. Жер жырту, қоқыс шығару кезінде де арнайы техниканың қызмет құны төмендейді. Кооперативтер техниканы лизингке оңай ала алады. Облыс әкімдіктері кооперативтерге кәсіби агрономдардың, ветеринарлардың, механизаторлар мен зоотехниктердің қатысуын қамтамасыз етеді», – деді жобалық кеңсе хатшылығы басшысының орынбасары Ақмарал Бекмұрзаева.
Мәслен, Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Ақтау ауылдық округінің әкімі Нұрсейіт Белгин алған білімін іс жүзінде қолданып үлгерген.
«Ауданымыздың әлеуетін, қандай өндірісті іске қоса алатынымызды айқындадық. Нәтижесінде, тұрғындардың бірі өз қаражатына таза ауызсу цехының құрылысын бастады. Жұмыс аяқталғаннан кейін ол облыс және жақын шетел тұрғындарын сапасы жоғары таза ауызсумен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Өндіріс орны Ақтау ауылында тіркелді. Осылайша, ауылдың салық базасы кеңейеді. 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады», – деп нәтижесін бөлісті ол.
Ақтөбеде «Ауыл аманаты» бастау алды Айтулы бағдарлама бір ай бұрын Ақтөбе облысында пилоттық жоба ретінде өз жұмысын бастады. Бүгінде Ақтөбе облысында аудандар жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Мысалы, алдағы уақытта бағдарлама аясында Алға ауданында – 254, Әйтеке би ауданында – 192, Байғанин ауданында – 295, Қарғалы ауданында – 261, Қобда ауданында – 213, Мәртөк ауданында – 247, Мұғалжар ауданында – 324, Темір ауданында – 248, Ойыл ауданында – 204, Хромтау ауданында – 205, Шалқар ауданында – 135, Ырғыз ауданында 194 жоба жүзеге асырылады. Осы аудандардың ішінде «Ауыл аманаты» жобасына Байғанин ауданының тұрғындары ерекше қызығушылық танытып отыр. Мәселен, Байғанин ауданының Көлтабан ауылдық округінде осы жоба аясында жалпы құны 643 миллион теңге болатын 220 бизнес-идея іске асырылады. Биыл осы округтің тұрақты жұмысы жоқ 235 тұрғыны жеке қосалқы шаруашылықпен айналысу үшін 2,5 пайызбен несие алуды жоспарлап отыр. Осылайша, олар ауылда мал санын көбейтуге, бау-бақша өсіруге, не жаңа кәсіп ашуға мүмкіндік алады. 30 жылдан бері бау-бақша өсірумен айналысатын Қарауылкелді елді мекенінің тұрғыны Құтым Қасенов мұндай бастамалардың ауылдағы шаруаларға зор мүмкіндік екенін айтты. Бүгінде қарияның ауылдастары одан үлгі алып, өз кәсібін бастамақ болып жүр. «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылдан 2025 жылға дейін қолданыста болады. Аталған жобаны барлық өңірде іске асыру үшін бюджеттен кредиттер бөлу көзделіп отыр.