Қызылорда облысының жас кәсіпкерлерінің сұхбаты

1 621

Қызылорда облысы бойынша мемлекет тарапынан қолдау көрген жас кәсіп иелерінің тың деректері,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

   Қазір көлік тізгіндеген кез келген жүргізуші астындағы темір тұлпарының сәнді әрі өзгелерден ерекше болғанын қалайды. Әсіресе жастар шетелдік дизайнды көп үлгі етуде. Мәселен, көліктің сыртқы шанағын қалаған түсіне бояп, соған сәйкес көрік беретін дөңгелек салып, безендіреді. Одан бөлек ішкі салонын әртүрлі аксессуармен жабдықтап, отырған адам өзін жайлы сезіну үшін жағдай жасайды. Үлкен қалаларда көліктерге осы айтқан қызметтерді көрсететін арнайы орталық сервистер әлдеқашан дамыса, уақыттың көшіне қарай аудандарда да ашылып, жұмыс істеуде. Соның бірі – Төретам кентіндегі DarAuto DETAILING автокөлікке қызмет көрсету сервисі.

Сырт көзге алыстан менмұндалаған Дархан Сәрсенбайұлының дара кәсібі осыдан жыл бұрын ауқымы кеңейіп, тұтынушыларға сапалы жұмысын бастапты. 2016 жылы кәсібін тек автокөлікке аксессуар сататын дүкеннен бастаған ол, кейін өз қаражатын жинап үлкен қызмет орталығына айналдырған. Енді кенттегі көлік жүргізушілер алысқа бармай-ақ, осында көлігіне қажетті қызмет түрлерін ала алады. Мәселен, көліктің терезесіне күн сәулесінен қорғайтын кленка жабыстыру, ішкі салонын химиялық тазалау, дабыл қаққыш орнату, көліктің жарық шамын тазалау, аяқтың астына EVA төсеніш тігу секілді қызмет түрлері ұсынылуда.

«Орталықта 6 қызметкер бар. Әрқайсысы өзіне бекітілген жұмысын істейді. Бокстың сыйымдылығы әзірге 3 көлікке дейін қабылдай алады. Алдағы уақытта ішін кеңейтпек ниетім бар. Тіпті құрылысын бастап та кеттік. Бұйырса мұнда қызмет түрлері көбейетін болады. Үлкен қалаларда көлігіңді көрсетуге немесе ішін тазалатуға апарсаң қызметкерлеріне сенімді тапсыра аласың. Жүргізушіге барлық жағдай жасалынған, арнайы күту залында демалып, мәшинеңді тосасың. Осыдан кейін маған да неге өз ауылымнан осындай орталық ашпасқа деген ой келді. Сөйтіп қаражат жинап, дүкеніме қосымша ретінде қызмет түрлерін толықтырдым. Қазір мұндағы барлық жұмыс мен ойлағандай жүріп жатыр. Тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетілуде», дейді кәсіпкер.

Дарханның кәсібімен танысу үшін ғимарат ішін толық аралап шықтық. Алдымен дүкеніне бас сұғып, заманауи үлгідегі аксессуар заттарға көз жүгірттік. Расымен сіз іздеген керектінің бәрі бар. Одан кейін әлгі сөз еткен аяқтың астына EVA төсеніш тігетін бөлмеге жылжыдық. Көлігіңіздің маркасына қарай тапсырыс берген төсеніштер осында өлшеніп пішіліп, тігіледі. Тек шикі, заты сырттан келеді демесеңіз, өндіріс өзіміздің жерден шығады.

«EVA төсеніш – қазір трендтегі сәнді төсеніштердің бірі. Себебі аяқ киімнің табанынан түскен топырақ жан-жағына шашырамай арнайы тесіктерге жиналады. Қазір жастардың көбі түр түсін таңдап, осыған тапсырыс береді. Біз оны өлшеп алғаннан кейін бір күнде дайындап береміз. Бағасы қолжетімді. Бастапқыда барлық тапсырысты жинап, басқа қалада жасатып отырдық. Кейін арнайы тігін мәшинесін алып өзімізде тіге бастадық. Шикізатты Ақтөбе, Орал қаласынан алдыртамыз. Алдағы уақытта көліктің орындығына қап тігетін, одан бөлек басқа да керекті құрылғылар алу жоспарда бар»,  дейді ол.

Қазақта «Қимылдаған қыр асады» деген. Кейіпкеріміз де тынымсыз тіршіліктің арқасында осындай үлкен жетістікке жетіп отырған мықты кәсіпкер. «Алма піс, аузыма түс» деп жата бергеннен ешқандай істің алға баспайтынын сіз бен біз де жақсы білеміз. Сол үшін ерінбей еңбек етейік.



Ауылдағы жас кәсіпкер фастфуд әзірлеуде

Қазір елде халықтың әл-ауқатын жақсартуда Мемлекет тарапынан түрлі бағыттағы бағдарламалар жүзеге асуда. Соның бірі – «Ұлттық жоба» шеңберінде бизнес-жоспарды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант. Яғни, кәсіп ашамын деген жандарға берілген мол мүмкіндік. Тек өз жоспарыңызды мықтап дайындасаңыз болғаны. Соңғы кездері жоба шеңберінде өз бағытын тауып, ісін дөңгелетіп жүрген жас кәсіпкерлерді жиі кездестіріп жүрміз. Әсіресе ауыл тұрғындарының қызығушылығы жоғары. Бүгінде қайтарымсыз несие алып, кәсібін бастағандардың бірі – Айнұр Диқанбаева.


Кейіпкеріміз Қармақшы ауданы, ІІІ Интернационал ауылының тұрғыны. Ол көпшіліктің сұранысына ие, жеңіл әрі тез дайындалатын фастфуд өнімдерін сататын сауда орнын ашып, ауыл тұрғындарына дәм ұсынуда. Бұрын фастфуд тағамын үлкен қалаларда ғана жеп, тіл үйірген дәмін көпке дейін ұмытпай «Шіркін-ай, ауылда мұндай орын ашылмаған екен» деп армандағанымыз рас. Қазір бұл кәсіптің орайын тапқандар кез келген жерде ашып, оны үлкейтудің жолын жасауда. Осы жолды мақсат еткен кейіпкеріміз кәсібін тоқтатпай әрі қарай дамытатынын жеткізді.

«Нан өнімінен түрлі тәттілерді пісіруге бала күнімнен қызығушылығым жоғары. Қолымнан келгенін пісіре отырып тәжірибе жинадым. Кейін ауыл тұрғындарынан тапсырыс алып, өнімдерімді ұсыну арқылы көпшілікке көріне бастадым. Негізгі дайындайтын тағамдарым самса, тәтті нан, пицца, құймақ, тіске басар тәттілер. Әсіресе жастар жағы дөнерге көп тапсырыс береді. Осыдан кейін неге кәсіп бастамасқа деген ой келді. Сөйтіп мемлекеттік бағдарламаға қатысып, қайтарымсыз грант ұтып алдым. Бұл шағын іс бастауға қаражаты жоқтарға немесе қаражаты жетпеген белгілі бір санаттағы азаматтарға үлкен көмек», дейді ол.

Айнұр жеңіп алған қаражатқа ең бірінші керек құрал-жабдықтарын алған. Осыған дейін барымен базар болған ол енді қалаған тәттілерімді пісіре аламын деп қуанышымен бөлісті.


"Кәсіпке келгенге дейін үйде анау-мынау пісіріп тапсырыс алып жүрдім. Содан түскен қаржыны жинап ең бірінші дөнер пісіретін пеш алдым. Осылай еңбектенудің арқасында бірлі-жарым құрылғыларға қол жеткіздім. Қазір жастарға мүмкіншілік көп. Тек ерінбеу керек. Кез келген істі бастағанда ол бірден болмайды. Сол үшін сабыр мен төзімділік керек»,  дейді Айнұр Диқанбаева.

Жас кәсіпкер ауылдағы үш адамды жұмыспен қамтуда. Олар цехта екі кезекпен жұмыс істейді. Яғни, азанғы сегізден кешкі алтыға дейін екі адам нан өнімдерін дайындаса, түнгі сағат он бірге дейін бір адам сол жұмысты жалғастырады. Айнұрдың тез дайындалатын тағамына тапсырыс берген болсаңыз, оны жеткізіп беру тегін. Ал оның бұл бастамасына ауыл тұрғындары дән риза.



Ақайдағы асхана тұрғындарға қызмет етіп тұр

Ақай ауылындағы  орталық көшелерде құрылыс, сауда-саттық дүкендерінің есігі айқара ашылып, кіріп-шығып жатқандар көп. Ұзын көшемен тура жүріп, оңға қарай бұрылғанымызда өзіндік келбеті келіскен «Жұлдыз» дүкені мен оған жапсарлас салынған асханаға бас сұқтық.

Тамақтану орнына кіре бергенімізде бізді жас қыз қарсы алды. Оған келгендегі жөнімізді айтып, асхана иесін шақыруды өтіндік. Айтқанымыздай артынша-ақ асхана иесінің жұбайымын деп өзін таныстырған инабатты келіншек кіріп келіп, келген тобымызбен үстел басына шақырды.

«Іздеген адамдарыңыз шауалармен жүр. Мен сол жеке кәсіпкер Арман Дәуленбаевтың жолдасымын» деп, жылы қабылдап алдымызға ыстық шай мен жұмсақ наннан алдырды.

«Байқоңыр қаласының тұрғынымыз. Екеуміз де кәсіпкерміз. Мен 2015 жылдан бастасам, Арман Әнуарұлы 2012 жылдан бері кәсіппен айналысады. Ал дүкеннің кәсібіне келсем, оны 2017 жылдан бастадық. «Жұлдыз» дүкенінің бес жылдығына орай сәтін салып осы асхананы аштық. Ондағы себеп – ауылда балалар ойнап, қызығатын жер жоқтың қасы. Кешке қарай көлеңке түсе бастағанда осы маңдағы балалар жиналып есіктің алдында жүреді. Арасында ішке кіріп, көңілдерін көтеріп музыкаға билейді. Әңгімелерін айтады. Былай айтқанда бала барып тынығатын орын кемшін. Бізде емін-еркін су-пуын ішіп, демалыстайды. Қосымша тағы наубайхана ашамыз ба деген де ниетіміз бар. Қолдан бүгіп тұшпара, орама, манты дайындауды да қолға алмақпыз бұйырса. Кәсіпті жалғастырып, кеңейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтудамыз. Асханамызда 3 аспаз, дүкенде 5 адам және тағы 2 адам, барлығы 10 адам осы нысаннан нәпақасын тауып, отбасын асырап отыр. Әлде де кеңейсек, тағы 5 адамды жұмыспен қамтимыз. Кәсіпті өз қаражатымыз есебінен жүргізіп жатырмыз», дейді Жанар Мұстафаева.

Кәсіпкердің пайымынша әркімге де кәсіп істеуге болады. Жұмыс жоқ емес, бар. Егер қаражаты болмаса, мемлекеттік қолдау бағдарламаларына сүйенуге болады.

«Жалқаулық бар жастарымызда. Жұмыс істеуге де, кәсіп ашуға да ықыласың болса болғаны. Кәсіптің көзі көп. Істеймін дегенге еңбек табылады. Мысалы кәсіби аспаздар өте тапшы. Мамандар жетіспейді. Соны үйренсе жастар, сұранысқа ие болар еді. Бізде жұмыс істеп жатқан жастар 18 жасқа толғандар. Өрімдей ер жігіттер. Қызылордаға барып, оқып келіп жұмыс істеп жатыр. Соған сай өздерінің кәсібін ашса да жолдары ашық» дейді кәсіпкер.

Асханаға тағамның фасфуд және ыстық тағамдарға да тапсырыс жиі түседі екен. Қуырдақ, палау ыстық тамақ ретінде ұсынылса, тандыр нанды да өздері өндіріп отыр. Самса, бәліш, басқа да нан өнімінің бірнеше түрі тұтынушыға ұсынылады.

«Арасында той-томалаққа тапсырыстар қабылдаймыз. Кез келген істе алдымен идея туындайды ғой. Енді осы маңнан балаларға уақыттарын тиімді өткізіп, ойнауларына арналған балалар ойын және спорттық алаңдарын салғымыз келеді. Бар арман-мақсатымыз – ауылымызды көркейтіп, оның дамуына атсалысу. Қазір спорттық кешен құрылысы салынуда. Десе де ол ауылдың сырт жағында орналасқан. Орталықтан да спорттық ойын алаңын ұйымдастырсақ, артық болмайды деген ойдамыз. Осындай да жоспарымыз бар болашақта»,  дейді Жанар Айназарқызы өзінің елге, халыққа деген патриоттық сезімін байқатып.

Асханаға келіп-кетіп жатқан адамдар баршылық. Уақыт бәрінен қымбат дегендей, кәсіпкердің жұмысына кедергі келтірмейік деген оймен жолға жинала бастадық.

Шынында да талап қыла білген ғана тәуекел етеді. Кәсіп – тәуекелді сүйеді. Өмірдегі жетістіктің бәрі де еңбекпен ғана келеді. Алған бетінен қайтпайтын қайсар жандар ғана нағыз кәсіпкер атана алады.



Қармақшылық тұрғын мемлекеттік грант ұтып, кәсібін дөңгелетуде

«Бизнестің жол картасы – 2025», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламалары халықты еңбекке шақыруға, оларға кәсіп ашып беруге, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталғаны белгілі. Бүгінде ауданда аталған бағдарламалардың ұсынған мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, өз кәсібін бастағандардың қатары көбеюде. Сондай-ақ қайтарымсыз гранттардың жемісін көріп жүргендер де арамызда жетерлік.

Мемлекет ұсынған мүмкіндікті құр жібермей, қайтарымсыз грантқа қол жеткізген кәсіпкердің бірі – Қармақшы ауданы, ІІІ Интернационал ауылыынң тұрғыны Әсем Нұрмаханова. Қыз баласы жастайынан тамақ пісіруге, киім тігуге икемді келеді емес пе? Кейіпкеріміз Әсем де бала күнінен тәттілер әзірлеуге қызығыпты. Балалық шақтан бастау алған қызығушылық бүгінде кәсібіне айналып, оның жемісін көруде. Алғашында өз қаражатымен тапсырыс қабылдауды бастаған ол, сұраныс арта бастаған соң кәсіпкер атануға бел байлайды. Ауылдағы кәсіпкерлік ісі бойынша маманға жүгініп, кеңес алады. Маманның нұсқауымен «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік білімін жетілдереді. Бизнес жоспарын да ойдағыдай қорғап, 2020 жылдың соңында қайтарымсыз грант иеленеді. Берілген грант қаржысына торт пісіруге арналған пеш пен кәсіби миксер сатып алып, кәсібін дөңгелете береді. Әсемнің торт дайындап, көптің көңілінен шығып жүргеніне екі жылдай уақыт болған.

«Торт пісіру ісіне қатты қызықтым. Тәттілерді өз қалауымша сәндеп, дәмін келтіріп өз отбасымды қуантқым келді. Торт пісіру ісіне бар жан-дүниеммен кірісемін. Бұл іс өзіме ұнағандықтан хоббиімді кәсіпке айналдырдым. Қазіргі заманауи торттардың барлық түрін, тұтынушының талғамына қарай жасап беремін. Көршілес ауылдардан да тұрақты тұтынушыларым бар. Тапсырыстан бөлек ауылдың дүкендеріне де өз өнімдерімді қолжетімді бағада қойып жүрмін», дейді кәсіпкер.

Бүгінде туған күндердің тортсыз өтпейтіні белгілі. Сондықтан да тортқа деген сұраныс көп. Егер өнім көңілден шықса, тұтынушының қайта тапсырыс беретіні анық.

«Қашанда дастарқанымның сәні болатын торттарымды Әсем тәтеге тапсырамын. Себебі әрдайым балғын, дәмі тіл үйірердей, әрі жұмсақ болады. Құрамы да сапалы заттардан жасалады. Үнемі жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Айтқан уақытымда торт дайын тұрады. Әр тортты ерекше дизайнмен дайындап береді. Мұндай өнерді бағаламауға болмайды. Ісіне береке тілеймін», дейді ауыл тұрғыны Гүлсина Ибрагимова.

Адам өзіне ұнайтын іспен айналысқанда ғана, еңбегінің жемісін көреді.

Ал өзің қалаған іспен айналысуға бүгінде мемлекеттен берілер көмек көбеюде. Биылдан бастап бизнес бастауға мемлекеттен берілетін қаржының екі еселенгенін де айта кеткен жөн. Бұл кәсіп бастауға ниетті жандар үшін қуантарлық жайт. Кейіпкеріміз мемлекеттен көмек алғаннан кейін де, тынымсыз еңбектену керектігін айтады.

«Жастар жас шыбық секілді, қалай майыстырсаң сонда майысады. Дегенмен, адамның өзінің алдына қойған айқын мақсаты, өзіндік пікірі болуы керек. Сол мақсатқа жету үшін аянбай еңбек еткен дұрыс деп ойлаймын. Сонда ғана жақсы жетістіктерге жете аласың», дейді Әсем Нұрмаханова.

Кәсіпкердің алдағы уақытта осы ісін жандандырып, ары қарай үлкен жобаға айналдыру жоспарында бар. Ендеше, жалынды жастың арманының орындалуына біз де тілекшіміз.