Қызылорда облысының елді мекендері көгілдір отынмен қамтылды

1 435

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының «Бірлік» және «Қыраш» елді мекендеріне газ құбырын қосу рәсімі өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деген болатын. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Өткен жылы 14 газдандыру жобасын жүзеге асыруға 8,7 млрд.теңге бөлініп, игерілді. Нәтижесінде 6 ауылды газға қостық. Осылайша өңірдің газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті. Бұл – 26 елді мекен, 583 мыңға жуық тұрғын табиғи газбен қамтылды деген сөз. Биылға республикалық бюджеттен 7,4 млрд. теңге бөлініп, 2022 жылы басталған 7 жоба жалғасты және 12 жаңа жобаның құрылысы басталады. Оның ішінде, Жаңақорған ауданынының «Жайылма», «Шалқия», «Құттықожа», «Төменарық», «Кейден» ауылдарына «көгілдір отын» кіргізу жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, өткен жылы құны 3,4 млрд. теңгені құрайтын Жаңақорған кентіндегі 10/0,4 кВ электржелілік жүйені жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Соның арқасында кенттегі 70 шақырымға жуық электр желісі жаңарып, қосымша жаңадан 23 трансформатор орнатылады», – деді аймақ басшысы.


Ауыл тұрғындарын қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов құттықтады, «Ақүйік» ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәулебек Бейсенбаев алғыс білдіріп, бата берді.


Айта кетейік, «Ақүйік» ауылдық округіндегі «Бірлік» ауылына газ құбырын «Gas Energy Construction» ЖШС жүргізді. Жоба республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылды, оны іске асыру нәтижесінде 440 тұрғын үй мен 5 әлеуметтік нысан газдандырылды.


Мұнан әрі облыс әкімі «Қыраш» ауылын газға қосу рәсіміне қатысты. Бұл елді мекенде 124 тұрғын үй мен 6 әлеуметтік нысан «көгілдір отынға» қосылды.


Салтанатты іс-шарада аймақ басшысы ауыл тұрғындарын құттықтады. Қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев сөз сөйлеп, ауылдық округтің қоғамдық кеңес төрағасы Сұлтанхан Ақылбеков бата берді. Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы «Қыраш» ауылының имамы Әбдімәлік Шахановтың үйіне барып, газ тұтынған тұрғындардың қуанышына куә болды.


Еске салсақ, биыл Мемлекет басшысының қолдауымен ауылдық жерлерде әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүруде. Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда облыста 15 100 орынға арналған құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Оның 2-уі Жаңақорған ауданы орталығынан салынады.


«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Биыл дәрігерлік амбулаторияның құрылысы «Қаратөбе» ауылында, келесі жылы «Талап», Әбдіғаппар ауылдарында басталады. Ал, 2025 жылға қарай Жаңақорған ауданаралық ауруханасын «көпбейінді аурухана» деңгейіне жеткізу жұмыстары жүргізілуде.


Мұнан бөлек, «Жайылма», «Өзгент» ауылдарында 150 орындық клуб, «Ақжол» ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Нысандар биыл шілде айында пайдалануға берілмек.