Экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында қытайлық компаниялармен кездесу өтті

1 290

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Н.Нәлібаев «Қытай сода өнеркәсібі қауымдастығы» президенті Дин Чаоранмен кездесті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


6-8 шілде күндері Пекин қаласында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бастаған қазақстандық делегацияның шетелдік инвестицияларды тарту және өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында қытайлық компаниялармен екіжақты кездесулерi өтті. 


Қытай сода өнеркәсібі қауымдастығы 1987 жылы құрылған. Қытайдың барлық сода өндірушілерін, ғылыми-зерттеу және жобалау институттарын, жабдық өндірушілерін біріктіретін ұлттық ұйым.


Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары деңгейдегі ынтымақтастық аясында бірқатар ірі индустриялық жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі — қытайлық «China Glass Holdings LTD» компаниясының қатысуымен былтыр іске қосылған шыны зауыты.


Зауыт өндірісі үшін негізгі компоненттердің бірі – кальциленген сода. Осыны ескеріп, шыны зауытына шикізаттың үзіліссіз жеткізілуін қамтамасыз ету және импортты алмастыру мақсатында өңірде кальцийленген сода зауытын салу жоспарланған.


Бүгінде кальцийленген сода шет елдерден импортталуда. Содаға сұраныс жылына орта есеппен 300-400 мың тонна, ал 2026 жылға дейін 1 млн. тоннаға дейін өседі деп болжануда.


Кездесу барысында облыс әкімі осындай маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.


Мемлекеттік қолдау ретінде ҚР Үкіметі тарапынан инвестициялық келісім-шарт аясында ауқымды жеңілдіктер пакеті ұсынылған. Атап айтқанда кедендік баж салығынан босату, мемлекеттік заттай гранттар, салық жеңілдіктері, инвестициялық субсидиялар қарастырылған. Сондықтан қолданыстағы заңнама аясында мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер мен қолдауларға қол жеткізу шаралары сүйемелденбек.


Бұндай ауқымды әрі маңызды жобаны жүзеге асыруға ниеттенген инвесторға барлық қолайлы жағдай жасалады.