«Сақ стиліндегі» банкнота: Күзде жаңа 10 000 теңгеліктер жаппай таралады
ҚР Ұлттық банкі Қолма-қол ақша айналысы департменті жобасының бас дизайнер-маманы Санжар Нұрқасымов «Сақ стилі» жаңа сериясынан номиналы 10 000 теңгелік банкноталар адамдардың қолына қашан тиетінін нақтылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл «Сақ стилі» жаңа сериясынан екінші банкнота. Ол қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.
Атап айтқанда, номиналы 10 000 теңгелік жаңа банкноталар 2024 жылғы 28 маусымнан бастап айналымға енеді және айналымда жүрген 2012 жылғы үлгідегі номиналы 10 000 теңгелік ұлттық валюта банкноталарымен (бұдан әрі – ескі үлгідегі банкнота) екі жыл бойы ауыстырылады.
Яғни, ескі үлгідегі барлық банкнота екі жылдың ішінде айналымнан біртіндеп алынады. Тиісінше, банкноталар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноталарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноталарға айырбастаудың қажеті жоқ. Жаңа және ескі үлгідегі банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2024 жылдың 28 маусымнан 2026 жылдың 28 маусымына дейінгі аралықты қамтиды.