Қорда иесіз 37,3 млрд теңге сақтаулы

2 417

Фото: Pixabay.comЗейнет жасына жеткенімен, зейнетақы рәсімдеуге немесе жинақтарын толық алуға өтініш бермеген азаматтардың шоттарында 37,3 млрд теңге қаражат сақтаулы тұр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл қаражаттың кімге тиесілі екенін және оны қалай алу керектігін түсіндірді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

2025 жылғы 1 маусымдағы дерекке сәйкес, зейнеткерлік жасқа жеткен, бірақ зейнетақы жинақтарын талап етпеген азаматтардың жинақталған қаражаты шамамен 37,3 миллиард теңгені құрайды. Бұл сома 264 695 жеке зейнетақы шотында сақталған.

Оның ішінде БЖЗҚ-ның мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алған мәліметтеріне сәйкес:

  • 148 335 адам қайтыс болған, олардың зейнетақы жинақтарын мұрагерлер талап ете алады;
  • 59 800 адам Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетті;
  • 56 560 адам жасына байланысты зейнетақыларын ресімдеу үшін Мемлекеттік корпорацияға (тұрғылықты жері бойынша ХҚКО) әлі өтініш бермеген.

Зейнетақы жинақтарының есебін БЖЗҚ жүргізеді. Талап етілмеген зейнетақы жинақтары инвестициялануын жалғастырып, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарында алушылар не олардың мұрагерлері (салымшы қайтыс болған жағдайда) талап еткенге дейін сақталады. Қосымша табыс алу мақсатында инвестициялаумен ҚР Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді жеке басқарушылар (ИПБ) айналысады.

Талап етілмеген зейнетақы жинақтарының жай-күйі қалай болмақ?

Зейнетақы жинақтарының есебін БЖЗҚ жүргізеді. Талап етілмеген зейнетақы жинақтары инвестициялануын жалғастырып, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарында алушылар не олардың мұрагерлері (салымшы қайтыс болған жағдайда) талап еткенге дейін сақталады. Қосымша табыс алу мақсатында инвестициялаумен ҚР Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді жеке басқарушылар (ИПБ) айналысады.

Зейнеткер жинағынан төлем ресімдеуге өтініш бермесе

Зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты зейнетақы жарналарының міндетті түрлері есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін тағайындау, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінуі қажет.

Шетелге тұрақты тұруға кеткен кезде

Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуіне байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын елден тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және отандық заңнамаға сәйкес қажет құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар пайдалана алады.

Зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болуына байланысты

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелеріне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 94 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшері шегінде қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтары қаражаты есебінен, бірақ қайтыс болған адамның ЖЗШ-да бар қаражатынан аспайтын мөлшерде жерлеуге біржолғы төлем жүргізіледі.