Қазақстанда зейнетақы жарнасын төлемегендердің банк шоттарына шектеу енгізіледі
Келесі жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы жарнасын төлемеген азаматтардың банк шоттарына шектеу қойылмақ. Бұл шара 26 мың теңгеден астам қарызы бар жеке кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерге қатысты болады,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне қарағанда, жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер міндетті зейнетақы жарналарын әр айдың 25-не дейін аударуы тиіс. Егер төлем кешіктірілсе, салық органы алдымен ескерту жасайды. 10 күн ішінде қарыз жабылмаса, банк картасына және ақша айналымына шектеу қойылады.
“Біреуге жұмыс істеп жүрген адам үшін шара жұмыс берушіге қолданылады. Ал жеке кәсіпкер болса, шара сол жеке тұлғаға қатысты қолданылады. Жеке тұлғаларға қарсы бұл талап қолданылмайды”, – деді мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Қайсар Арын.
Экономистер жаңа тәртіп бизнеске, әсіресе жаңадан бастаған кәсіпкерлерге ауыр соққы болуы мүмкін екенін ескертеді. Есепшотты бір күнге бұғаттау да қомақты шығын әкелуі мүмкін, сондықтан қарызды өтеу мерзімін ұзарту немесе балама жолдарды қарастыру ұсынылады.
“Форс-мажор жағдайларын ескермей, шоттарды бұғаттасақ, экономикалық қиындық туындауы мүмкін. Сол үшін алдын ала ережелерді дұрыс анықтау маңызды”, – деді қаржыгер Бауыржан Ысқақов.







