Зейнеткер қайтыс болған жағдайда оның қарыздары мен несиелерін кім төлейді?
Жұмыс берушінің жаңа міндетті зейнетақы жарнасы есебінен қалыптасатын жинақтарды қоспағанда, зейнетақы жинақтары салымшының жеке меншігі болып саналады. Демек, азамат көз жұмғаннан кейін оның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражаты заңға сәйкес мұрагерлеріне өтеді,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
БЖЗҚ-ның мәліметінше, марқұмның зейнетақы жинақтары жалпы мұра құрамына кіреді. Ал мұрагерлер марқұмның мүлкімен бірге оның барлық міндеттемелерін — қарыздары мен несиелерін де қабылдайды. Кей жағдайларда қарыз көлемі мұраға қалатын мүліктің жалпы бағасынан да асып кетуі мүмкін. Мұндайда азаматтардың мұрадан толық бас тарту құқығы бар. Бұл ретте олар марқұмның қарыздарын өтеуден босатылады, бірақ БЖЗҚ-дағы жинақтарды ала алмайды.
Соған қарамастан, заң бойынша жақын туыстарға жерлеуге арналған біржолғы төлем беріледі. Бұл төлем марқұмның жинақтары есебінен рәсімделеді және мұрагерлікті рәсімдеуді күтпей-ақ жүзеге асырылады. Сонымен қатар ол салық салынбайтын төлем болып саналады.
2025 жылы жерлеуге арналған төлем мөлшері 94 АЕК-ті құрайды — 369 608 теңге. Бұл соманы туыстар марқұмның қарыздарын өз мойнына алмастан ала алады. Кейбір жағдайларда төлем көлемі бұдан да жоғары болуы мүмкін. Егер жерлеуге берілген төлемнен кейін жинақтаушы шотта бір жылға белгіленген ең төменгі зейнетақыдан аспайтын қалдық қалса (2025 жылы — 62 771 теңге), бұл қаражат та толық көлемде төленеді.
Осылайша азаматтар 2025 жылы БЖЗҚ-дан мұрагерлікті рәсімдемей-ақ 432 379 теңгеге дейін ала алады.
Ал шоттағы қалған қаражатты алу үшін мұрагерлер нотариусқа барып, мұрагерлікті қабылдау туралы өтініш беруге міндетті. Бұл процедура азамат қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде жасалуы тиіс. Қаражатты алу үшін жеке куәлік пен банк реквизиттерінен бөлек, төмендегі құжаттардың бірі қажет:
• мұрагерлік құқық туралы куәлік;
• мұраны бөлісу туралы келісім;
• заңды күшіне енген сот шешімі.
Егер мұрагерлер мұрадан бас тартса, марқұмның мүлкі “иесіз қалған мүлік” деп танылады да, жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне өтеді — қайтыс болған адамның тұрған қала немесе аудан қазынасына.







