Шоколад бағасы күрт өсіп кетті

2 532

Фото: Shulevskyy Volodymyr / ShutterstockӘлемде какао тапшылығы байқалып отыр. Бұған Батыс Африка елдерінде болған қуаңшылық себеп. Соның салдарынан шоколад өндірісі азайып, бағасы күрт қымбаттады. Бұл жағдай Қазақстан нарығына да әсер етуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстанда биыл шоколад бағасы 35,8 пайызға өсті. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Мұндай өсім әлемдік какао тапшылығымен тікелей байланысты. Мысалы, АҚШ-та шоколад бағасы бір жылда 30 пайызға қымбаттаған. Осыған байланысты көптеген тұтынушы арзанырақ тәттілерді таңдай бастады.

Ал ірі компаниялар какао мөлшері аз өнімдерге немесе балама шикізатқа көшіп жатыр. Nestlé мен Pladis секілді өндірушілер кейбір қаптамалардан «шоколад» деген атауды алып тастауға мәжбүр болды. Енді оның орнына «шоколадты», «шоколад дәмі бар» деген атаулар қолданылады.

FoodNavigator басылымының мәліметінше, какао дағдарысы болашақта «шоколад» ұғымын түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Кәсіпкер Алан Перлштейннің айтуынша, шоколад пен какаоға сұраныстың артуы тропикалық ормандардың жойылуына әкелген. Сонымен қатар климаттың өзгеруі какао ағаштарының кейбір түрінің жаңа ауа райына бейімделуіне кедергі келтіріп отыр. Бұл өнім көлемінің азаюына себеп болған.

Қазақстанда шоколад қосылған өнімдердің өндірісі соңғы екі жылда қатарынан төмендеген. Биыл қаңтар-қазан айларында 72,6 мың тонна өнім өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға аз. Отандық фабрикалар елдегі сұраныстың небәрі 38,9 пайызын ғана қамтамасыз еткен. Соның салдарынан импорт көлемі артты.

Жыл басынан бері Қазақстанға 66 мың тонна шоколад пен какао қосылған дайын өнім импортталды. Оның 70 пайызы Ресейден жеткізілген. Сондай-ақ Украина, Түркия, Германия және Қытай да негізгі жеткізушілердің қатарында. Ең қымбат шоколад Украинадан келсе, ең арзаны Қытайдан әкелінген.

Аймақтар бойынша бағаға келсек, Солтүстік Қазақстан облысында шоколад бағасы 1,5 есе өскен. Мұндай жағдай Қарағанды облысы, Астана және Шымкент қалаларында да байқалады. Ал Қызылорда мен Атырау облыстарында баға салыстырмалы түрде тұрақты.

Сонымен қатар қазақстандықтардың шоколадқа деген сұранысы артып келеді. Биыл қаңтар-маусым айларында бір адам орта есеппен 477 грамм шоколад тұтынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға көп.

Ұлттық статистика бюросы шоколадты жеке өнім ретінде есептемейді. Дегенмен құрамында қант, бал немесе шоколад бар барлық тәттілерді қосқанда, қазақстандықтар жылына шамамен 43 келі тәтті өнім тұтынады екен.