Зейнетақы жинағымен емделу уақытша тоқтатылды
2026 жылғы 12 қаңтар сағат 19:00-ден бастап enpf-otbasy.kz платформасында бір реттік зейнетақы төлемдері (БЗТ) есебінен медициналық қызмет алуға өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Отбасы банктің мәліметінше, мұндай шешім зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану талаптарын қайта қарауға байланысты қабылданған. Қазір бұл бағытта Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда құзырлы органдар азаматтардың жинаған қаражатының нақты ем-домға жұмсалуын бақылауды күшейтуді көздеп отыр. Осы арқылы жалған құжат жасау, делдалдық қызмет пен күмәнді медициналық ұйымдар арқылы қаржы игеру секілді заңбұзушылықтардың алдын алу жоспарланған.
Өтінім қабылдау қашан қайта басталатыны әзірге белгісіз. Бұл туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланатыны хабарланды.







