Қазақстанда бензин неге қымбаттады? Энергетика министрі жауап берді

2 515

Фото: elements.envato.comЭнергетика министрі Ерлан Ақкенженов елімізде жаз мезгілінде бензин мен жанармай бағасы өсе ме деген сауалға жауап берген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі. 

Министрдің айтуынша, мемлекеттік реттеу алып тасталған соң жанармай бағасы ел ішіндегі сұраныс пен ұсынысқа байланысты нарықтық жолмен қалыптасады.

“Соңғы уақытта жанармай бағасы литріне шамамен 3–4 теңгеге қымбаттады. Ал бензин бірден 10 теңгеге қымбаттады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бізде мемлекеттік реттеу алып тасталды. Баға ішкі сұраныс пен ішкі ұсынысқа байланысты қалыптасады. Мендегі ақпарат бойынша, жанармай бағасы 3–4 теңгеге өсті”, – деді Ерлан Ақкенженов.

Журналистер министрге жаздың соңына дейін бензин бағасы өсе ме деп сұраған. Ал Ақкенженов енді мемлекет бағаны реттемейді деп жауап берген. 

“Біз нарықты реттемейміз. Егер нарық қатысушылары 3–4 теңгеге қымбаттауды әділ деп санаса, баға өзгереді”, – деді ол.

Сонымен қатар, министр жанармай бағасының бірден 100 теңгеге қымбаттауы мүмкін деген болжаммен келіспейтінін жеткізген.

“Олай ойламаймын. Нарықтық баға бар. Қазір мұнай бағасы шарықтап өсіп жатқан жоқ, шамамен бір баррель үшін 93,5 доллар деңгейінде. Қазақстандықтарды сабырға шақырғым келеді. Энергетика министрлігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр және ахуалдың бақылаудан шықпауына бар күшін салып жатыр”, – деді министр.