Зейнетақы жинағын 100% өзіңіз басқара аласыз

2 503

Фото:©жасанды интелектМұндай қуанышты жаңалықты депутат Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

– Зейнетақы жинағын енді 100% өзіңіз басқара аласыз. Енді әр адам өз зейнетақысын кімге басқарту керектігін, жақсы табыс әкелуі үшін қалай инвестиция жасау қажеттігін өзі шешеді. Жинақталған ақшаңызды бұрынғыдай Ұлттық банктің басқаруында қалдыруға немесе қаражатыңыздың 100%-ын арнайы қаржы компанияларына басқаруға беруге болады. 

Бұл не үшін керек? Қазір ай сайын аударатын 10% зейнетақы жинағымызды Ұлттық банк басқарады, яғни инвестициялайды. Олар ақшаны көбіне сенімді, бірақ табысы аздау мемлекеттік жобаларға, Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарына салады (Ұлттық банк жалпы алғанда жақсы жұмыс істеп жатқанын ерекше атап өткім келеді). Ал арнайы басқарушы компаниялар бәсекелестік ортада ақшаңызды табысы әлдеқайда көбірек басқа бағыттарға салып, көбейтіп беруі мүмкін, – дейді депутат. 


Асхат Аймағамбетов көпшілікті толғандырған "Жаңа заң бізге не береді?" деген сауалға да жауап беріп өтті. 

– Толық еркіндік. Бұрын жинақтың тек 50%-ын ғана арнайы компанияларға басқаруға беруге рұқсат еді. Енді бұл шектеу жоқ. Барлық ақшаңызды кімге сеніп тапсыратыныңызды тек өзіңіз шешесіз. Яғни, арнайы өтініш жазып, қаражатыңызды басқаратын және оны инвестициялайтын ұйымды өзіңіз анықтайсыз.

Табысты көбейту мүмкіндігі де енді кеңейеді. Жинақтарыңызды қандай стратегиямен инвестициялайтынын, оның қалай жұмыс істейтінін енді өзіңіз таңдайсыз. Мысалы, жинақталған 5 млн теңгеңіз болса, оның бір бөлігін кірісі көп, тәуекелі де көп стратегиямен, екінші бөлігін кірісі орташа, бірақ тәуекелі де орташа, ал қалғанын өте сенімді (табысы аз болса да, тұрақты) бағытқа бөліп салуға болады. Осындай тетікті де ұсындық, – деп жазды халық қалаулысы. 

Ең маңыздысы әрі көп қойылатын сауалдың бірі – "Ақшам күйіп кетпей ме?" деген сұрақ. Депутаттың айтуынша, жаңа заңда басқарушы компаниялар сіздің берген негізгі сомаңыздың ешқайда жоғалмауына толық кепілдік береді. Сондай-ақ, олардың жұмысын Ұлттық банк пен мемлекет қатаң қадағалап отырады.