Елімізде АЭС салуға қанша қаржы жұмсалатыны белгілі болды
325
Қазір еліміз реакторлық технологиялардың әлем бойынша 6 түрін белсенді түрде зерттеп жатыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Жасұлан Қасеновтың айтуынша, әзірге станцияны кім салытыны емес, тек технологиясы анықталды.
"Қазіргі кезде еліміздің табиғи-климаттық факторлары мен АЭС-тің қоршаған ортаға әсері негізінде атом энергетикасын дамыту бойынша зерттеулер жүріп жатыр. Осы орайда біз америкалық (NuScale), америкалық-жапониялық (GE-Hitachi), кореялық (KHNP), қытайлық (CNPC), ресейлік (Росатом) және франциялық (EDF) технологияларын қарастырып жатыр", — дейді Жасұлан Қасенов.
Оның айтуынша, зерттеулер барысында басты назарға АЭС реакторларының қауіпсіздігі, референттілігі, орналасқан жері, қуаты және құны алынады.
Осы зерттеулерге сәйкес, АЭС-ті салу бойынша болжамды екі жер қарастырып отырмыз. Біріншісі, Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласының маңы. Екіншісі, Алматы облысындағы Балқаш көлінің қасындағы Үлкен ауылы,— деді Жасұлан Қасенов.
Ол сонымен қатар АЭС құрлысына қанша қаржы қажет екендігін айтты.
"Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қуаттылығы 1 000-1 200 мегаватт болатын бір энергоблоктың құрылысы, шамамен, 5 миллиард доллар тұрады. Бірақ нақты соманы АЭС-ті салатын компания анықталғанда ғана айта аламыз. Негізі атом станциялары өзінің құнын 20 жылда ақтайды. Оларды техникалық жағдайына байланысты 50-60 жыл пайдалануға болады", — дейді департамент басшысы.