ҚЫЗЫЛОРДАДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ ТҰРАҚТЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ
168
Бүгінгі таңда аймақтың ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Әсіресе егін, мал шаруашылығы мен экспорт және инвестициялық жобалар бойынша өсім бар,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Аймақтың күретамыры болып табылатын салаға қатысты аймақ басшысы Н.Нәлібаев облыстық мәслихат сессиясында: «Біз қазіргі кезде азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында әр ауылдың мүмкіндігіне қарай көкөніс және бақша өнімдерін өзімізде өндіру үшін бос жатқан жерлерді икемдеп, егін егуге ынталы азаматтарға бөліп беруіміз қажет», - деп, баса назар аударған болатын.
Биыл облыс көлемінде барлығы 188,6 мың гектарға егiс егілді. Оның ішінде негізгі дақыл - күрiш көлемі 78,6 мың га.
Биылғы жылы егіс көлемдерін әртараптандыру бағытында қосымша соя дақылының егіс көлемі 189 гектарға, қант құмайын 358 гектарға жетті.
Сонымен қатар, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы биылғы жылы барлығы 607 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі.
Бүгінгі күні, егін жинау жұмыстары басталып, облыс бойынша егілген 5593 га күздік бидайдан - 9 306 тонна, 5813 гектар жаздық бидайдан - 3289 тонна, 375 гектар арпадан - 145 тонна өнім жиналды. Дәнді дақылдарды жинау әлі де жалғасуда. Ал мал шаруашылығы саласында оң динамика қалыптасып, мал басы тұрақты өсіп, өндірілген өнім көлемі артуда.
2022 жылдың 1 шілдесіне 420,3 мың бас МІҚ, 895,7 мың бас қой мен ешкі, 210,9 мың бас жылқы, 61,6 мың бас түйе және 128,0 мың бас құс тіркелген.
Мал басын былтырғы жылдың еспті кезеңімен салыстырғанда МІҚ-8,6%-ға, қой мен ешкі-5,7%-ға, жылқы 17,1%-ға, түйе 7,1%-ға, құс 2,7%-ға көбейген.
Есепті кезеңде 17,7 мың тонна ет, 41,6 мың тонна сүт және 3,3 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, 2021 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда ет өндірісі 1,8%-ға, сүт өндірісі 1,7%-ға, жұмыртқа өндірісі 3,1%-ға артты.
Жалпы 2022 жылдың 1 маусымына облыстан 19,8 млн. долларды құрайтын 39,8 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері (күріш, балық өнімдері, бидай қалдығы, қамыс) экспортталып, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 125,9 пайызды құрап отыр. Өнімдер әлемнің 20 мемлекетіне экспортталды.
Жалпы биыл егіншілік саласына 4,3 млрд. теңге, мал шаруашылығын субсидиялауға 4 млрд.теңге қаржы қаралған. Ендігі кезекте мал өнімдерін өндірумен бірге оны терең өңдеуге мән берілетін болады.Сонымен қатар, ағымдағы жылы облыс бойынша жалпы құны 10,3 млрд.теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде бұл салада 271 жаңа жұмыс орындары құрылатын болады.