Еліміздің банк секторларының активтері 40,3 трлн теңгені құрады
559
Еліміздің банк секторларының активтері 40,3 трлн теңгені құрады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
«2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 22 екінші деңгейдегі банк қамтылған. Оның ішінде 12-інде шетелдік үлес болса, соның 10-ы еншілес банк. Банк секторының активтері биылғы шілдеде 2,8 пайызға немесе 1,1 трлн теңгеге ұлғайып, 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 40,3 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері өсім - 7,2% немесе 2,7 трлн теңге)», - делінген ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінде.
Активтердің өсуі клиенттер салымдарының 4,8 пайызға немесе 1,3 трлн теңгеге артуы, сондай-ақ несие портфелінің 1,1 пайызға, яғни 240 млрд теңгеге ұлғаюы нәтижесінде болды.
Сонымен қатар, жоғары өтімді активтер 12,6 трлн теңгені немесе активтердің 31,3 пайызын құрады. Бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
«Экономикаға бағытталған несие 2022 жылғы шілдеде 1,6 пайызға өсіп, 20,4 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өсуі 2022 жылдың басынан бері 10,1 пайызды немесе 1,9 трлн теңгені құрады. Ұлттық валютадағы несие 2022 жылғы шілдеде 2,1 пайызға, 18,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Шетел валютасындағы несие 3,7 пайызға, 1,7 трлн теңгеге дейін төмендеді. Салалар бойынша бөлгенде несиелердің негізгі үлесі өнеркәсіпке (34,2%), саудаға (21,3%), құрылысқа (7,5%) және көлікке (5,8%)тиесілі», - деп аталып өткен агенттік мәліметінде.