Қазір мұғалімдер жалақыға қатысты мәселе көтермейді – Аймағамбетов

375
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, жергілікті халықпен кездесті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Министр Өскемен қаласындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептер құрылысына дайындық жұмыстарымен танысып, «Рахат» балабақшасында болды.

«2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Бұл заң көп нәрсені өзгертті. Мектеп, колледж мұғалімдерінің, балабақша тәрбиешілерінің және қосымша білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру сияқты бірнеше бағытта жұмыс жүргізілді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша соңғы 3 жылда мұғалімнің жалақысы 2 еседен аса өскен. Келесі жылы қаңтарда білім беру қызметкерлері мен педагогтардың еңбекақысы қосымша тағы 25 пайызға артады», - деді Асхат Аймағамбетов облыс халқымен кездесуінде.

Асхат Аймағамбетов қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, көпті толғандырған сауалдарға да жауап берді.

«Бүгінде мұғалімдер жалақыға қатысты мәселені еш көтермейді деуге болады. Олар тарапынан негізінен нормативтік құқықтық актілер, бағалау жүйесі және сапаны қамтамасыз ету туралы айтылып жатады. Әріптестерім мен ата-аналардың қойған сұрақтарының қатты өзгергендігі мені қуантады», - деді Оқу-ағарту министрі.