Республикалық «Үздік педагог – 2022» байқауында жалағаштық мұғалім жеңімпаз атанды

318

Қызылордалық ұстаз Республикалық «Үздік педагог – 2022» байқауында жеңімпаз атанды,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

 

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік педагог - 2022» республикалық конкурсында бақ сынаған Жалағаш ауданы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Салтанат Қосжанова жеңімпаз атанды.

 

Салтанатты марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектептер мен колледждердің үздік мұғалімдеріне ақшалай сертификаттар мен төсбелгілерді табыс етті. Сондай-ақ, жеңімпаз атанған әр ұстазға 3 млн теңгенің сертификаты берілді.

 

Тек Жалағаш ауданының ғана емес, облыстың мерейін үстем еткен Салтанат Қосжанова үздіксіз шығармашылық ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде осынау жарқын жетістікке жеткенін айтады.

 

Айта кету керек, биыл байқауға 5 500 педагог өтінім берген. Олардың ішінен ең үздік 120 педагог іріктеп алынды. Жалпы, байқаудың ақтық сынына балабақшалар мен мектептердің – 103, колледждердің 20 ұстазы қатысты. Қызылорда облысының атынан 5 мұғалім, оның 4-еуі Қызылорда қаласынан қатысқан. Аудандық, қалалық және облыстық турлардың қорытындысы бойынша ұсынылған мұғалімдер елордаға келіп, өздерінің ашық сабақтарын көрсетті. Соның қорытындысында жетекші әдіскерлер ең үздік деген мұғалімдерге дауыс берді. Үздіктер қатарына 64 педагог енді.