Биыл Сыр өңірінде 10 мектептің құрылысы басталмақ

2 404

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ұсынысы негізінде алдағы 3 жылда Қызылорда облысында 15100 орынға арналған заманауи 21 мектеп салу жоспарлануда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Осы орайда облыста 21 мектептің құрылысы бастау алмақ. Жобаның жалпы құны – 100 млрд теңге.


Атап айтқанда: Қызылордада - 8, Аралда - 4, Қазалыда - 2, Қармақшыда - 2, Жалағашта - 1, Сырдарияда - 1, Шиеліде – 1 және Жаңақорған ауданында заманауи 2 мектеп бой көтереді.


Облыстық білім басқармасының басшысы жоба аясында биыл өңірде 10 мектептің құрылысы басталатынын айтып, олардың өзге мектептерден айырмашылығын сөз етті.


«Мамыр-маусым айында 10 мектептің құрылысын бастаймыз. Бүгінде барлығының жері рәсімделді. Сметалық құжаттары дайындалды. Жалпы ерекшелігіне келсек, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқитын болады. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Сондай-ақ бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады, заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Арнайы білімді қажет ететін балалар үшін қажетті жағдай жасалады», - деді Мейрамбек Шермағанбет.


Жалпы, 2023 жылға білім саласына 260 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр.


Алдағы 3 жылда облыстағы үш ауысымды және апатты мектептердің жағдайы толық шешіледі деп күтіліп отыр, ауылдық елді мекендердегі мектептер жаңғыртудан өтеді.


Былтыр апатты деп танылған 6 мектептің үшеуінің мәселесі шешімін тапты, ал қалған 3 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын болады.


Бұдан бөлек, биыл 5 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ ағымдағы жылы жоспарға сәйкес ауылдық елді мекендегі 47 мектеп жаңғыртудан өткізіліп, 51 мектепке пәндік (физика, химия, биология) кабинеттер алынады.


Білім саласындағы тағы бір қуанышты жаңалық, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл 1-4 сынып оқушылары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Бұл облыс бойынша алғаш рет жүзеге асырылып отыр.


Айта кетейік, Қызылорда облысында 1 сәуірден бастап жалпы орта білім беретін мектептерге бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау басталған болатын. Бүгінде 6289 баланың құжаты қабылданған. Оның ішінде,  90 пайызы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов мәлімдеді.


Сала маманының айтуынша, құжаттарды қабылдау уақыты 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында жүргізіледі. Сондай –ақ жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 17 615 оқушы қабылданады деп күтілуде. 


«Құжатты үйде отырып тапсыруға болады. Ол үшін «Электрондық үкімет» Egov.kz порталы арқылы электронды түрде тапсыруға болады. Электронды түрде тапсыруға мүмкіндік болмаған жағдайда қағаз түрінде қолма-қол жүзеге асырылады. Бірінші кезекте өтініштерді осы мектептің жанында тұратын ықшамаудан тұрғындары береді. Баланың жасы мектепке қабылданар уақытта алты жасқа толуы міндетті. Ал жасы жетпесе тек ата-анасы немесе заңды тұлғалары қалаған жағдайда мектепке бару мүмкіншілігі бар. Мектепке қабылдану кезінде балалар ешқандай емтихан тапсырмайды. Сондай-ақ, мектептерде «Өз-өзіне қызмет көрсету» бұрыштары ұйымдастырылған», - деді Бағдат Камбозұлы.