Қызылордада білім беру жөніндегі өңірлік жол картасына қол қойылды

164

Білім беру жөніндегі өңірлік жол картасына қол қойылды,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Сыр өңіріне жұмыс сапары облыс орталығында қорытындыланды. Білім беру ұйымдарының жұмысымен танысып, саланың өзекті мәселелерін саралаған министр мен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бүгін 2023-2029 жылдарға арналған Қызылорда облысының білім беру жүйесін дамытудың өңірлік Жол картасына қол қойды.

 

Жиында аймақ басшысы Ғани Бектайұлының жұмыс сапары білім саласына оң серпін беретініне, министрліктің қолдауымен маңызды мәселелердің шешім табатынына сенім білдірді.

«Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен еліміздің білім саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Білім сапасын арттыруда, педагогтарды әлеуметтік қолдауда тың бастамалар қолға алынды. Бұл саланың сапа тұрғысынан өркендеуіне жасалған ерекше қамқорлық деп білеміз. Білім - күнделікті жүйелі жұмысты талап ететін күрделі әрі ауқымды сала. Оның маңызды құрамы – қаражат мәселесі. Биыл білім саласына бөлінген қаржы 262 млрд. теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 44,2 пайызын құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 17%-ға артқан. Тиісінше, біз алдағы жылдары салаға бағытталған қаржы көлемін арттыра береміз. Білімге жұмсалған қаржы - болашаққа салынған инвестиция. Балаларымыздың болашағы бәрінен де маңызды, ол үшін барлық қажетті шараларды қабылдау - біздің басты міндетіміз», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, өңірлік Жол картасы білім беру процесінің 8 бағыты бойынша жасақталған 107 іс-шараны қамтиды. Бұл құжат бойынша алдағы 7 жылда жергілікті, республикалық және инвесторлар қаржысы есебінен проблемалық мәселелер өз шешімін таппақ. Атап айтқанда, мектепке дейінгі білім беретін 12 ұйымға күрделі, 160 нысанға ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Жоғары оқу орындары базасында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтарын қайта даярлау, біліктілігін арттыру қолға алынады. 80 балабақша компьютерлік техника мен интерактивті панельдермен, 40 балабақша ойын алаңдарымен жарақталып, шағын сәулет нысандары жаңартылады. Үш ауысыммен білім беру, орын тапшылығы мәселелері шешіліп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 15 100 орындық 21 мектеп құрылысы жүргізіледі. Сонымен бірге, «Білім беру инфрақұрылымын дамыту» қоры есебінен жаңадан 10 мектеп салынады.

Еске салсақ, Үкімет басшысының Сыр еліне сапары кезінде 300 орындық жатақханасы бар 400 орынға лайықталған физика-математика бағытындағы мектеп-интернат салу жобасы қолдау тауып, құрылысы басталуда. Білім ошақтарына 447 робототехника, химия, биология физика, математика, STEAM пәндік кабинеттері сатып алынып, әдістемелік көмек көрсету үшін «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ-мен бірлесіп «Жетекші мектептер» жобасы іске асырылады.

Қызылорда қаласында ерекше мүмкіндіктері бар балалар үшін 1 психологиялық– медициналық - педагогикалық консультация, 14 инклюзивті білім беру кабинеті ашылады. Ең бастысы, 2023 жылдан бастап бастауыш сынып оқушыларын түгелдей тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету өз шешімін тапты. Бұл алдағы жылдары да жалғасады.

Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Жаңақорған, Шиелі аудандарында білім беру нысандарының жұмысымен танысты. Білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде мәжіліс өткізді.

Алдымен ведомство басшысы Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының жұмысымен танысып, осында білім алып жатқан «Сыр дарыны» академиясының оқушыларымен кездесті. 320 орындық орталықта 55 қызметкер бар, нысан 2011 жылы пайдалануға берілген.

М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша мәжіліс  өтті. Оған Қызылорда қаласы мен барлық аудандардың әкiмдерi және білім беру ұйымдарының басшылары онлайн форматта қатысты. Мәжілісте білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және тәуекелдерін болдырмау туралы екі мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков, Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов бейнебайланыс арқылы хабарлама жасады.

Жиынды қорытындылаған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев талқыланған мәселелер бойынша өз пікірін білдіріп, Сыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң баға бердi. "Министрлік білім алушылардың білім сапасы бойынша мониторинг жүргізген болатын. Мониторинг қорытындысымен Қызылорда облысы  республикада бірінші орынға шықты",  — деп атап өтті министр.

Мұнан бөлек, Ғани Бейсембаев Жаңақорған кентіндегі № 110 мектеп-лицейін аралап, мектеп ұжымына жаңа автобустың кілтін табыстады. Айта кетейік, Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен аймақтағы ауыл мектептері 30 жаңа автобуспен толығады. Бұл балаларды мектепке және үйлеріне қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Көліктер 20 және 40 орынға шақталған. Мектеп автобустарының техникалық сипаттамалары барлық талаптарға сәйкес келеді. Қауіпсіздік белдіктері, апатты жағдай туындағандағы шығу жолы, жылдамдық шектегіштер мен сәйкестендіру белгілері бар, автобуста бала қалған жағдайда белгі беретін жүйемен жабдықталған.

Әрі қарай министр Шиелі ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы № 219 орта мектепке барып, білім саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мектеп ғимаратын аралап, асханасы мен спорт зал ішіндегі спорт үйірмелерін музейін демеушілер есебінен жабдықталған акт залын аралап көрді. Білім ошағында Жаңақорған, Шиелі аудандарының педагог-шебер, зерттеуші ұстаздарымен кездесу ұйымдастырылып, саланың өзекті мәселелерді талқыланды.