Білімі төмен оқушыларға арналған жазғы мектептер іске қосылмақ

349
Қазақстанда оқу үлгерімі нашар балаларға арналған жазғы мектептерді іске қосу жоспарланып жатыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында мәлімдеді.
"Оқу үлгерімі төмен оқушылар мәселесіне назар аудара отырып, білім сапасын қалпына келтіру шараларын жүзеге асыру ісін жалғастырамыз. Пандемияға байланысты, әрине, білім сапасы төмендеді, сондықтан біз оқушыларымыздың білімін жетілдіру үшін жұмыс істейтін боламыз. Оқу нәтижелері төмен оқушыларға арналған демалыс кезіндегі оқу мен жазғы мектептердің ұлттық бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен бірге осы жұмыс шеңберінде біз жеке білім беру ұйымдарына қосымша білім алуға мүмкіндік беру үшін конкурстық негізде мемлекеттік тапсырыс орналастырамыз", - дейді министр.
 Асхат Аймағамбетов елімізде 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңмен көшу қарастырылып жатқанын атап өтті. Әсіресе математика, шет тілдері және информатика сияқты басым бағыттарға ерекше назар аударылатын болады.