Жаңа оқу жылы қарсаңында қандай өзгерістер орын алмақ?

1 295

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мемлекет басшысына жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары туралы баяндады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Қазір мектеп алдындағы даярлыққа байланысты тиісті жұмыстар іске асырылып жатыр. Бірінші кезекте тәрбиешілердің еңбекақысы 30 пайызға көтеріліп жатыр. 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын аз қамтылған отбасылардағы 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Балабақшада 30 мың орын ашылып отыр және жылдың аяғына дейін тағы да 51 мың орын ашу жоспарланған. Қазіргі кезде балалардың 89 пайызы (2-ден 6 жасқа дейінгі) қамтылған. Сонымен қатар жылдың соңына дейін кезектілік мәселесі бойынша бірыңғай база іске қосылады», - деді Ғ. Бейсембаев.


Оның айтуынша, жергілікті бюджет қаражаты есебінен аз қамтылған отбасылардағы оқушылар 100% мектеп формасымен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етіледі. Биыл жалпыға бірдей білім беру қоры 65 млрд теңгеден астам соманы құрады. Осы орайда 460 мың оқушыға материалдық көмек беру жоспарланған.


«1 қыркүйектен бастап 1,4 млн бала (бастауыш сыныптардағы) тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. 1 қыркүйекке дейін барлық білім беру мекемесі жедел басқару орталығына, лицензияланған күзетке, дабыл жүйесіне қосылуы мәселесі толыққанды жүйелі түрде шешіліп отыр. Мектептердің 65 пайызы модернизациядан өтті. Осыған дейін 1 мың пәндік кабинеттер ашу жоспарланса, оның орнына 1700 кабинет ашылады», - деді министр.


Оның сөзіне қарағанда, жыл соңына дейін 154 мектеп пайдалануға беріледі. Мұнымен қоса, 260 мектепте күрделі жөндеумен қамтылған. Соның арасында 194-і жаңа оқу жылына дейін тапсырылады.


Ведомство басшысы биыл колледж студенттерінің шәкіртақысы 50 пайызға өсіп жатқанын атап өтті.


Бұдан бұрын хабарланғандай, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мемлекет басшысына жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары туралы баяндады.