Интернеттің нашарлығынан мұғалімдер электронды журнал толтыру үшін тауға шығуда
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Аққұм ауылында интернеттің нашарлығынан мұғалімдер электронды журнал толтыру үшін тауға шығуға мәжбүр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Otyrar сайтына сілтеме жасап.
Тіпті мектеп оқушылары информатика сабағын теориялық түрде ғана оқып жүр.
Мектеп директоры тапсырма бергеннен кейін мұғалімдер интернет іздеп кетеді. Ұстаздар бұл әдіспен екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Олар жол жиегінде ноутбукпен тұрып электронды журналдарын толтыратын көрінеді.
Жағдайдан шенеуніктер хабардар. Ауылға спутниктік станция орнатылып, аздап өзгергенін айтады. Мәселені шешу үшін 45 метрлік мұнара орнату қажет. Олар тіпті демеуші тапқанымен, ұялы байланыс операторымен келісімге келе алмаған.
Шенеуніктер ауылда байланыс болады деп уәде беріп отыр. Олар базалық станцияның дұрыс орнатылмағанын және олар оптикалық желіні ұзартуға ниетті екенін айтады.