Ауыл мектептері оқушыларына арналған ІІ Республикалық олимпиада басталды
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» РҒПО-ның ұйымдастыруымен ауыл мектептерінің 9-11(12) сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математика бағыты бойынша республикалық олимпиада басталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған респубилкалық олимпиада өткен оқу жылынан бастап Мемлекет басшысының қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Биылғы жылы республикалық білім додасында өңірлерде өткен олимпиадалардан суырылып шыққан 1000-ға жуық оқушы жаратылыстану-математикалық бағыттың 6 пәні (26-30 қараша аралығында) және қоғамдық-гуманитарлық бағыттың 7 пәні бойынша (10-14 желтоқсан аралығында) бақ сынасады.
Олимпиада қорытындысы бойынша қатысушылардың жалпы санының 45%-нан құралатын жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Олар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады. Сондай-ақ барлық қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар беріледі. Сонымен қатар, жеңімпаздарға еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының ректорлық гранттары табысталады.
Сонымен қатар, республикалық кезеңнің барлық қатысушылары интеллектуалды жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданады. Ал I дәрежелі диплом иегерлері 2025 жылы өтетін республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болады.