Биыл жаңа оқу жылында мектептерге 8 мыңға жуық педагог жұмысқа қабылданды
2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарында педагогтер саны 406 мыңға жетті, бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 8 мыңға көбейген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жоғары көрсеткіші Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында тіркелген. Осылайша, өңірлердегі маман тапшылығы толығымен жойылды. Сондай-ақ мамандарға сұраныс педагог мамандығын бітірген түлектер есебінен толықтырылуда. Себебі, соңғы жылдары дарынды жастар арасынан педагогикалық мамандықтарға түсушілердің оң динамикасы байқалады. Мысалы, былтыр 1500 «Алтын белгі» иегері педагог мамандығын таңдаса, биыл 1800-і таңдады.
Жалпы 2021 жылдан бастап білім беру жүйесіне жас мамандарды тарту бойынша бірқатар шаралар қабылданып келеді. Атап айтсақ, педагогикалық бағыттарға гранттар саны артты, осы мамандықтар бойынша оқитын жоғары оқу орындарының студенттері үшін стипендия мөлшері 58 мыңнан 67 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл ретте педагогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлердің ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балы – 115-ті құрады.