Қызылордада «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы құрылыс жұмыстары сараланды
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы және құрылыс саласындағы жұмыстарды саралаған кеңейтілген жиын өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиынға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, салалық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ құрылыс компанияларының басшылары қатысты.
Сапа – басты назарда
Жиынды ашқан аймақ басшысы жаңа білім беру нысандары мен инфрақұрылым жобаларының сапасына ерекше мән берілуі қажеттігін атап өтті.
«Жаңадан пайдалануға берілетін нысандардың өңіріміз үшін маңызы зор. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы мектептердің, 11 мың орындық жаңа стадион мен тұрғын үйлердің құрылысында сапаға баса назар аудару қажет. Құрал-жабдықтары толық жеткізіліп, абаттандыру жұмыстары толық аяқталуы тиіс», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Ұлттық жоба аясында – 10 жаңа мектеп
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде Қызылорда облысында жалпы саны 10 жаңа мектеп салынуда. Бүгінде олардың 6 мектебі іске қосылып, жаңа оқу жылына дейін:
- Қызылорда қаласы, Арай мөлтек ауданындағы 1500 орындық мектеп,
- Қызылжарма мөлтек ауданындағы 600 орындық мектеп,
- Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп пайдалануға беріледі.
Ал СПМК-70 мөлтек ауданындағы 1500 орындық мектептің құрылысы 2025 жылдың екінші тоқсанына дейін аяқталып, ел игілігіне тапсырылуы жоспарланған.
Білім беру инфрақұрылымын кеңейту нәтижелері
Өңірде білім беру саласын дамытуға қаржыландырудың барлық көзінен өткен жылы 31,8 млрд теңге бағытталып, нәтижесінде 13 жаңа білім беру нысаны пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, облыстық бюджеттен бөлінген 5,7 млрд теңге есебінен 9 мектепке қосымша 2900 орындық ғимараттар салынды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Құрылыс саласында қарқын бар
Жиын барысында аймақ басшысы құрылыс қарқыны мен нысандарды уақытылы әрі сапалы аяқтау қажеттігін қадап айтты. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігерлерге нақты тапсырмалар беріліп, жауапты сала басшыларына бақылауды күшейту жүктелді.
Мақсат – жас ұрпаққа сапалы білім ортасын қалыптастыру
Жобалардың түпкі мақсаты – жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау, заманауи талаптарға сай жайлы және қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыру. Қызылорда облысы бұл бағытта ұлттық жобаларды табысты жүзеге асырып жатқан аймақтардың қатарында.







