Асхат Аймағамбетов: «Педагог мәртебесі туралы заң» өз тиімділігін көрсетті

2 259

Фото: gov.kzМәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүргізген TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің нәтижесі туралы жазба жариялады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметі Қазақстаннан 7 мыңнан астам педагог және 369 мектеп директоры қатысқан TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің елге қатысты нәтижелерін жариялаған. Мұнда қазақстандық мұғалімдердің жүктемесі 2018 жылмен салыстырғанда аптасына 14 сағатқа қысқарғаны айтылған. Үкімет бұл көрсеткішті білім беру саласындағы ілгерілеу ретінде бағалап отыр.

Мәжіліс депутаты, бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те осы ақпаратқа байланысты жазба жариялады.

Ол өз жазбасында елімізде Педагог мәртебесі туралы заң қабылданған кезде сала басшысы болғанын еске салады.

- Сол кезде біз айтқанбыз: бұл заңның әсері бірден байқалмайды, оған уақыт қажет. Енді міне, сол уақыт келді- заң өз тиімділігін дәлелдеді. Алдағы жылдары бұл әсер одан да айқын болады деп сенемін, - деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, «TALIS 2024» зерттеуі 2018 жылмен салыстырғанда мынандай маңызды көрсеткіштерді анықтаған:

- Мұғалімдердің жүктемесі аптасына 14 сағатқа қысқарып, орта есеппен 36 сағат болған;

- 71% мұғалім жұмыс жағдайына қанағаттанатынын айтқан;

- Жалақысына қанағаттанған педагогтердің үлесі 39%-дан 71%-ға жеткен.

- 82% педагог өз еңбегі қоғамда бағаланады деп санайды;

- 58% - ы саясаткерлер арасында да мұғалімдерге деген құрмет артқанын атап өтті.

- жас мамандардың 78%-ы педагогикалық қызметті саналы түрде өмірлік басымдық деп атаған.

- Бір кезде біз «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлегенде TALIS 2018 деректеріне де сүйенген едік. Енді TALIS 2024 бағытымыз дұрыс болғанын көрсетіп отыр, - деп жазды депутат.