Екі-ақ жыл өтті — жаңа мектептің қабырғасы жарылды
Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты Магистральное ауылындағы жаңа мектептің қабырғалары жарылып, едені ойыса бастаған. Осыған байланысты небәрі екі жыл бұрын пайдалануға берілген білім ордасы уақытша жабылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап.
Мектеп директоры Гаухар Оразованың айтуынша, ол бұл қызметке 21 қазан күні кіріскен. Екі күн өткен соң қабырғалардағы жарықтарды байқап, аудандық білім бөліміне ресми хат жолдаған.
Қазіргі таңда мектептің 120 оқушысы көрші ауылдардағы оқу орындарына ауыстырылған. Балаларды тасымалдау ұйымдастырылып, кезекші мұғалімдер бекітілген.
Магистральное ауылындағы бұл мектеп “Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг” (КПО) компаниясының қаржысына салынған болатын. Құрылыс басқармасы өкілдері оқиға орнына барып, тексеру жүргізген.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, мектептің кепілдік мерзімі осы жылдың соңында аяқталады. Осы уақытқа дейін мердігер компания барлық ақауларды толық жоюға міндетті. Егер жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүрсе, екі аптадан кейін оқушылар өз мектептеріне қайта оралады деп күтілуде.







