Қазақстанда ҰБТ форматы түбегейлі жаңартылады: ETS ұйымымен стратегиялық әріптестік басталды

2 570

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігіҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен білімді бағалау және таланттарды дамыту саласында әлемге танымал ETS халықаралық ұйымы Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) жаңғырту жөніндегі стратегиялық серіктестікті бастағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Соңғы жиырма жылдан астам уақыт бойы ҰБТ елімізде жоғары оқу орындарына түсу жүйесінің негізгі құралы болып, түлектерге аймақ пен әлеуметтік жағдайына қарамастан жоғары білімге тең мүмкіндік беріп келеді. Енді ETS-тің жаһандық тәжірибесіне сүйене отырып, тестілеу форматы жаңартылып, ол тек академиялық білімді ғана емес, өмірлік және кәсіби дағдыларды да бағалайтын болады.

«Бұл – Қазақстанның білім беру жүйесіндегі жаңа кезеңнің бастауы», – деді Ғылым және жоғары білім министрі. – «ETS-тің әлемдік тәжірибесін енгізу арқылы біз жастарымызға жаңа мүмкіндік ұсынып, жоғары білімге қабылдау жүйесін халықаралық деңгейге көтереміз».

Жаңа бағалау моделінің енгізілуі бірқатар артықшылықтар береді. Дағдыға бағытталған тестілер студенттердің жаһандық еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді меңгеруіне жол ашады. Сонымен қатар, қабылдау жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестенуі Қазақстанның білім мен инновация саласындағы беделін арттырып, елді таланттар мен инвестициялар үшін тартымды бағытқа айналдырмақ.

Жаңартылған ҰБТ форматы барлық талапкерлер үшін әділдік пен тең мүмкіндік қағидаттарын ұстанады:

  • икемді тест комбинациялары;
  • бірыңғай бағалау жүйесі;
  • өңірге, мектепке немесе оқыту тіліне тәуелсіз қолжетімділік қарастырылған.

ETS ұйымының бас директоры Амит Севак бұл ынтымақтастықты жоғары бағалап, былай деді:

«ETS Қазақстанмен серіктес болуға қуанышты. Біздің жаһандық тәжірибеміз бен ғылыми дәлдікке негізделген әдістеріміз білім сапасын арттыруға және жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектеседі».

ETS жасанды интеллект пен заманауи психометриялық тәсілдерге сүйене отырып, бағалау процесінің әділдігін, ашықтығын және сенімділігін қамтамасыз етуді көздеп отыр. Адаптивті тестілеу, автоматтандырылған бағалау және интеллектуалды талдау сияқты технологиялар ендіріледі.

Сонымен қатар қазақстандық мамандар ETS ұйымының зерттеу тағылымдамаларына қатысып, білімді бағалау мен жасанды интеллект саласында халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.

Министрлік пен ETS ҰБТ реформасын іске асыру кезінде ашықтықты сақтап, қоғам мен мүдделі тараптарды алдағы өзгерістер туралы уақтылы ақпараттандырып отыруға міндеттенді.

Айта кетейік, ETS – әлем бойынша танымал білім беру және таланттарды дамыту ұйымы. Ол TOEFL, TOEIC, GRE, Praxis және Futurenav сияқты емтихандардың авторы болып табылады. ETS жыл сайын 200-ден астам ел мен аумақта 50 миллионнан астам адамның білімін бағалауға және әлеуетін дамытуға көмектеседі.