Буллингке қарсы күрес күшейді: 100-ден астам ата-ана жауапқа тартылды
Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin LIVE» бағдарламасына қатысқан ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев қазіргі уақытта балалардың құқығын қорғау саласындағы негізгі қиындықтар мен оларды шешу үшін атқарылып жатқан жұмыс туралы айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекет үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Соған қарамастан, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, буллинг және кибербуллинг әлі де кең таралған проблемалар қатарында.
Қазіргі таңда республика бойынша 40-қа жуық бала омбудсмені жұмыс істейді. Олар өңірлердегі мәселелерді көтеріп, ұлттық деңгейде шешім қабылдау үшін ұсыныстар береді.
Балалар арасындағы буллингті азайту үшін жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептер мен колледждерде «Дос болайық» атты жаңа бағдарлама іске қосылған. Пилоттық жоба өткен жылы буллинг фактілерін 1,5%-ға төмендеткен.
Қарамбаевтың айтуынша, 2024 жылдан бастап буллинг пен кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Жыл басынан бері бұл бағытта 200-ден астам іс тіркеліп, 100-ден аса ата-ана жауапқа тартылған.
Интернеттегі қауіпсіздікке тоқталған комитет өкілі ведомство әзірлеген «Кибер қадағалау» жүйесі зиянды контентті анықтап, автоматты түрде бұғаттайтынын айтты. Сонымен бірге балалардың интернетті пайдалануын бақылауға арналған «Ата-ана бақылауы» тетігі енгізіліп жатыр.







