ҰБТ алдында баланы қалай қолдау керек: психолог кеңесі
Елімізде екі аптадан кейін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Көптеген түлек үшін бұл — алғашқы маңызды сынақ. Сондықтан емтихан жақындаған сайын тек оқушы ғана емес, ата-ана да қобалжиды. Бірі шамадан тыс уайымдаса, енді бірі керісінше бейқам жүр. Осындай кезеңде жасөспірімге қандай қолдау қажет? Мазасыз баланы қалай тыныштандырып, жауапкершілікті сезінбеген жеткіншекті қалай жігерлендіреміз? Осы сұрақтарға елордалық психолог Анаргүл Ибрайымбекова жауап берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
Психологтың айтуынша, ең бастысы — ата-ананың эмоциялық қолдауы. Бала қандай нәтиже көрсетсе де, өзін ата-анасы жақсы көретінін сезінуі керек.
ҰБТ алдында мазасыз, уайымшыл жасөспірімнің ұйқысы бұзылып, басы немесе іші ауыруы мүмкін. Мұндай жағдайда ата-ана баланың қорқынышын жоққа шығармай, керісінше, ашық сөйлесуге мүмкіндік жасауы қажет.
Маман жүйке жүйесін тыныштандыруға көмектесетін қарапайым дем алу жаттығуын да ұсынады:
- мұрынмен 4 секунд дем алу
- 4 секунд демді ұстап тұру
- ауызбен 6 секунд дем шығару
Бұл жаттығуды күніне 2–3 рет, 5–7 мәрте қайталау ұсынылады.
Ал ҰБТ-ға бейқам қарап, аса дайындықсыз жүрген оқушыны жігерлендіру үшін қысқа әрі нақты мақсаттар қою тиімді.
Психологтың сөзінше, кейде бейқамдық — жауапкершіліктен қашудың немесе ішкі қорғаныстың белгісі болуы мүмкін. Сондықтан балаға таңдау құқығын берген жөн. Қай пәннен бастайтынын, қай уақытта дайындалған ыңғайлы екенін өзі шешсе, оның ішкі жауапкершілігі арта түседі.
Сонымен қатар психолог күн тәртібінің тұрақты болғанын маңызды санайды. Кемінде 7–8 сағат ұйқы, гаджетті ұрыссыз шектеу, үйде жайлы атмосфера қалыптастыру және «ҰБТ» тақырыбын күніне бір-екі реттен артық қозғамау — жасөспірімнің психологиялық жай-күйіне оң әсер етеді.
Тесттен кейін кейбір түлек жылап немесе тұйықталып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда бірден сұрақтың астына алмау қажет.
Сондай-ақ маман ҰБТ нәтижесі күткеннен төмен болған жағдайда да балама жолдар бар екенін естен шығармауға шақырады.







