Оқушыларға Назарбаев Зияткерлік мектептерінің гранты жайлы жағымды ақпар тарады
Назарбаев Зияткерлік мектептеріне оқуға түсу үшін құжаттарды онлайн қабылдау eGov.kz порталында және eGov mobile мобилдік қосымшасы арқылы қолжетімді болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
ҚР "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, конкурсқа қатысу үшін құжаттарды 6 сыныпта оқитын балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері бере алады.
Алғаш рет Назарбаев Зияткерлік мектептеріне оқуға түсу және білім беру гранты аясында қабылдау конкурсына қатысуға өтінім беру үдерісі eGov.kz электрондық үкімет порталы және eGov mobile мобилдік қосымшасы арқылы толықтай автоматтандырылды.
Өтінімдерді қабылдау 2026 жылғы 5 қаңтарда басталып, 9 ақпанда аяқталады. Сонымен қатар, құжаттарды офлайн форматта Назарбаев Зияткерлік мектептері филиалдарының қабылдау комиссиялары арқылы да тапсыруға болады.
Конкурс 7 сыныптарға қабылдау үшін өткізіледі. Қатысу тек жалпы білім беретін ұйымдардың 6 сыныптарында оқып жатқан оқушыларға арналған.
Қазіргі уақытта 7 – 9 сыныптарда оқып жатқан оқушылар, сондай-ақ бұрын өтінім тапсырған немесе қолданыстағы рұқсаттамалары бар үміткерлер конкурсқа қатыса алмайды.
eGov.kz порталы арқылы қызметті алу үшін, пайдаланушыға:
- eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, "Азаматтарға" – "Білім беру" – "Орта білім" бөлімдеріне өту;
- "Қазақстан Республикасы Президентінің "Өркен" білім беру гранты конкурсына құжаттарды қабылдау" қызметін таңдау;
- өтінімді толтырып, қажетті құжаттарды қоса тіркеу;
- сұранымды қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен растау;
жеке кабинетте ("Қызметтерді алу тарихы" бөлімінде) көрсетілген мерзім ішінде келетін өтінімнің өңделуі туралы хабарламамен танысу қажет.
Қызмет тегін көрсетіледі.







