Білім саласындағы бірегей жоба
Кейінгі алты жылда елімізде 1 миллион оқушыға арналған 1000-нан астам жаңа мектеп бой көтерді,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – білім инфрақұрылымын өзгертетін тың бастама. Жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінде 460 мың орындық 217 жаңа форматты мектеп салынған. Бұл мектептер қазіргі заманның талаптарына сай, озық білім беру технологияларымен, цифрлық инфрақұрылыммен және инновациялық оқу әдістемелерімен жабдықталған.
Жобаның мақсаты – еліміздің барлық өңірлерінде кез-келген балаға қолжетімді жаңа форматтағы білім беру ұйымдарын құру. Жоғары сапалы білім беру стандарттарын жаппай енгізу арқылы, әр баланың жан-жақты дамуына және өз әлеуетін толық ашуға теңдей мүмкіндік жасамақ. Ұлттық жоба балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заман талабына сай жағдайда сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ел болашағы мегаполистен ғана емес, ауылдан да басталады. Сондықтан «Келешек мектептердің» жартысына жуығы, яғни 40%-ы ауылдық елді мекендерде салынған. 200 мыңнан астам ауыл баласы заман талабына сай жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз етілген.
«Келешек мектептердің» басты артықшылығы – онда оқушыларға қолайлы білім беру кеңістігінің жасалуы. Бұл мектептердің көлемі типтік жобаларға қарағанда 15-20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы жағынан 4 есеге артпақ. Мектептерде роботтехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары, 4 спорт залы бар, заманауи пәндік кабинеттер, алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар қарастырылған. Барлық мектеп заманауи жиһаздармен және оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталып, әрбір оқу кабинеті үшін қажетті техникалық құралдар жиынтығы қамтамасыз етілген. Бұның барлығы ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік бермек.
Ұлттық жоба аясында салынған мектептерде қауіпсіздік жүйелері күшейтілген. Мектептер заманауи бейнебақылау және ғимаратқа кіріп-шыққандарды қадағалау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бастауыш және жоғары сыныптар бөлек-бөлек блоктарда оқиды. Мұның барлығы баланың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына бағытталған. Жоба аясында жергілікті өндірісті қолдауға ерекше басымдық берілмек. Бұл бағытта мектеп құрылысына қажетті материалдар, мектеп жиһаздары тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынған. Ең бастысы, мұнда кез келген балаға жағдай жасалған, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да жеке санитарлық бөлмелер, кең кабинеттер, жеделсаты, пандустар, арнайы белгілер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері қарастырылған. Мұғалімдер интерактивті технологиялар мен пәндік зертханаларды қолдана отырып, әр оқушының қызығушылығы мен қабілетіне қарай тұлғалық дамуына жол ашпақ. Бұл мектептерде балалардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, ресурстарды үнемді пайдалану сияқты жауапкершілікті сезіну дағдыларын дамытуға ерекше мән берілмек.
Жобадағы негізгі басымдықтың бірі – оқушыларға ерте жастан кәсіби бағдар беру. Бастауыш сыныптарда түрлі мамандық иелерімен кездесулер, жобалық апталар ұйымдастырылады. 7-сыныптан бастап тереңдетілген бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім беру курстары енгізілген. Бұл үдерісті тиімді үйлестіру және басқару мақсатында «Мансап компасы» атты арнайы цифрлық платформа әзірленген. Платформа оқушыларға болашақ кәсіби бағытын және әрі қарайғы білім беру жолын саналы түрде таңдауға көмектеспек. Жоба аясында барлық мектептерде интернет желісіне кемінде 100 Мегабит жылдамдықпен қосылу мүмкіндігі қамтамасыз етілмек. Мектептің әр қабатында кітап қоймасы, оқу залдары, электронды кітапханалар және оқуға арналған коворкинг аймақтары, жеке кітапханалық кеңістік орналастырылған.







