Қазақстанда бірқатар білім беру бағдарламалары қысқартылуы мүмкін
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова 2026 жылғы 16-шы сәуірде Мәжіліс кулуарында бірқатар білім беру бағдарламаларын қысқарту жоспарына қатысты пікір білдірді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz. сайтына сілтеме жасап.
"Бастапқыда кәсіпорындар арасында сауалнама жүргіздік, оған 73 мыңнан астам кәсіпорын қатысты. Онда алдағы кезеңге арналған кадрлық құрамға талдау жасалды: қызметкерлердің жас ерекшелігі, зейнеталды және зейнет жасындағы мамандардың үлесі қарастырылды. Осы талдаудың нәтижесіне және қажеттілікке сүйене отырып, бізге қандай мамандар қажет екенін анықтау жұмысы жүргізілуде", – деді вице-министр.
Талдау нәтижесінде 700-ден астам білім беру бағдарламасын қайта қарау қажеттілігі анықталған.
"Яғни кейбір бағдарламалар жабылады, кейбірі жетілдіріледі немесе трансформацияланады. Бұл барлық бағыттарға қатысты. Мысалы, педагогикалық бағыттың өзі 21 топтан тұрады. Сол топтардың ішінде нақты білім беру бағдарламалары бар. Сөз қазіргі таңда өзектілігін жоғалтқан немесе заманауи талаптарға сай келмейтін бағдарламалар туралы болып отыр", – деді Гүлзат Көбенова.







