Мектеп түлегі әлемнің 80-нен астам жетекші университетінен шақырту алды

2 508

Фото:©Оқу-ағарту министрлігіБеделді халықаралық университеттер талапкердің академиялық жетістіктерін, көшбасшылық қабілеттері мен қоғамдық белсенділігін жоғары бағалап, оқу және гранттық мүмкіндіктер ұсынған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Қ.Аманжолов атындағы №22 жалпы білім беретін мектептің түлегі Медина Бектұрсынқызы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарынан 80-нен астам шақырту алып, жоғары академиялық деңгейін дәлелдеген. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропа елдерінің беделді университеттері талапкердің білім көрсеткіштерін, көшбасшылық қабілеттері мен қоғамдық белсенділігін жоғары бағалаған. Нәтижесінде оған оқу гранттары мен түрлі білім беру мүмкіндіктері ұсынылған.
Медина халықаралық IELTS және SAT емтихандарын сәтті тапсырып, шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге қажетті академиялық дайындық деңгейін көрсеткен. Мектепте білім алған жылдары ол оқу үлгерімімен қатар ғылыми-зерттеу және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, бірқатар жетістікке қол жеткізген. Ағылшын тілі пәні бойынша өткен республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияда «Жасанды интеллект – ғылыми зерттеудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы жобасымен І орын иеленген. Республикалық «Ой зерек» олимпиадасының жеңімпазы атанған.

Қазіргі таңда түлек өзіне түскен ұсыныстарды саралай келе, Оңтүстік Кореядағы Inha University университетінде білім алуға ниетті. Оның айтуынша, басты мақсаты – сапалы халықаралық білім алып, жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби білігін болашақта Қазақстанның дамуына бағыттау.