Аттестат алған түлектер мейрамханаға барудың орнына қайырымдылық акциясын өткізді
Астанада №111 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып түлектері аттестаттарын алғаннан кейін ерекше бастама көтерген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Олар әдеттегідей мейрамханада атап өтудің орнына қайырымдылық акциясын өткізіп, онкология бөлімінде ем алып жатқан балаларға қолдау көрсеткен.
Астана әкімдігінің мәліметінше, «Болашақ бізді бірге күтеді!» атты әлеуметтік-қайырымдылық акциясы аясында түлектер ауыр дертпен күресіп жатқан балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, өмірге деген құлшынысын арттыруды мақсат еткен.
Түлектердің айтуынша, мектеп бітіру кешін тек көңіл көтерумен шектемей, қоғамға пайдалы іс атқару олардың саналы таңдауы болған. Осылайша олар мектеппен қоштасар сәтті мейірім мен жанашырлыққа толы игі іске арнаған.
Айта кетейік, мұндай қайырымдылық шаралары бұған дейін де ұйымдастырылған. Астанадағы №5,101 білім беру мекемелерінің оқушылары қиын жағдайда жүрген балаларға қолдау көрсету мақсатында арнайы акция өткізіліп, оларға сыйлықтар табысталған болатын.







