СҚО-да мектеп оқушылары жергілікті өсімдіктерден дәрумен жасап шығармақ

271
Петропавлда мектеп оқушылары С дәруменін өзімізде жасап шығару үшін зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Олар бұл мақсатқа жергілікті өсімдіктерді қолданбақ,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Жаңа жобамен Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары айналысып жатыр.

Балалардың пікірінше, өңірде С дәруменіне бай өсімдіктер жеткілікті. Енді оны ғылыми тұрғыда дәлелдемек.

Сондай-ақ олардан аскорбин қышқылы бар дражелер жасауды көздеп отыр.

Оқушылар химия, биология сабақтарында, сондай-ақ «ECO JELI» экологиялық клуб үйірмелерінде СҚО-да көптеп өсетін итмұрындық, қарақат, шырғанақ, қызыл бұрыш және ақжелкеннің құрамындағы С дәруменінің деңгейін байқамақшы.

Сондай-ақ пайдалы заттардың мөлшерін анықтау мақсатында болашақ ғалымдар жергілікті және импорттық өнімдердің химиялық құрамын салыстырады.

Ал драже жасауға С дәруменінің ең көп мөлшері анықталған жергілікті өсімдік қолданылады.

«Біздің жобамыз үш айға жоспарланған. Өткен қыста шетелдік лимон мен зімбірге сұраныстың күрт артқаны есімізде. Әркім қымбат бағаға қарамастан өзінің денсаулығы үшін бұл өнімдерді алды. Ал олар ұзақ сақтауға келмейді, тоңазытқышқа салғанмен тез бүлінеді. Біз табиғат өнімдерін тиімсіз пайдалануға қарсымыз. Табиғат пен тағамды іске жаратуда ұтымдылық қажет. Сондықтан біздің команда шетелдегі жемістерге жергілікті балама ойлап таппақшы. Ең бастысы, бұл витамин қолжетімді және экологиялық таза болады», - дейді 9 «Ғ» сыныбының оқушысы Әлихан Гусеинов.

Экологиялық жоба жақсы нәтиже берсе, оқушылар дәруменді тіпті өнеркәсіптік ауқымда шығаруға мұрындық болмақ.

Бұл жобаны мектеп оқушылары «Су. Тағам. Энергия» экохакатоны аясында қолға алды.

Жақында білім беру желісінде «ECO JELI» экоклубтары жұмысын бастады.

 Мақсат - экология мен табиғатты қорғау мәселелеріне бейжай қарамайтын мектеп оқушыларының басын біріктіру.