Мемлекеттік грантқа құжат тапсыру басталды

784
Елімізде 13 шілдеден бастап  білім беру гранттарын тағайындау конкурсы басталды, - деп хабарлайды  «Opennews.kz» ақпарат агенттігі. 

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу 20 шілдеге дейін жалғасады. Қабылдау жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясы арқылы жүзеге асырылады. Алыс аймақтарда тұратын талапкерлердің ыңғайы үшін жоғары оқу орындарында виртуалдық қабылдау комиссиялары жұмыс істеп, талапкерлерге бейне байланыс арқылы кеңес береді. Сонымен қатар құжаттарды қабылдау кез келген ЖОО (орналасқан жері бойынша) арқылы жүзеге асыруға болады. Оқуға түсушілер 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өткен ҰБТ-ның екі нәтижесінің біреуін конкурсқа ұсына алады.
ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкерлер ұлттық жоғары оқу орындарына, кемінде 50 балмен басқа жоғары оқу орындарына түсе алады. Бұл ретте «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» білім беру салалары бойынша шекті балл кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» − кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – кемінде 60 балл болуы керек. 
Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға құжаттарды электронды түрде тапсыру үшін талапкерлерге мына құжаттар қажет:  
  • жеке куәлік;
  • ҰБТ сертификаты;
  • 3х4 көлеміндегі фото;
  • орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом);
  • № 075/у нысанындағы медициналық анықтама және № 063/у нысанындағы профилактикалық екпелер картасы;
  • ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігі;
  • жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар.
Егер талапкер «Алтын белгі» иегері немесе отансүйгіштік және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен марапатталған болса, онда ол басқа үміткерлермен балдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болады. Олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары үшін де осындай басымдылық қарастырылған.

Биыл алғаш рет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру грантының жаңа түрі анықталды:


"Халықтың тығыз орналасқан және батыс өңірлерінің жастарының жетекші жоғары оқуорындарында оқуға арналған мақсатты білім беру гранты». Бұл Атырау және Маңғыстау облыстарының 10 мың талапкеріне жоғары оқу орындарында білім алу үшін мақсатты гранттар алуға мүмкіндік береді. Мақсатты «Атырау-Маңғыстау» грантына конкурсқа ағымдағы жылдың мектеп түлектері қатыса алады. Бұл ретте олар бір уақытта жалпы конкурсқа, оның ішінде «Серпін» байқауына қатыса алмайды", – делінген  Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарламасында.

Қосымша ақпарат алу үшін ЖОО-лардың қабылдау комиссияларына, сонымен қатар Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментіне мына байланыс нөмірі арқылы хабарласуға болады: +7 7172 741670. Қосымша ақпаратты Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан алуға болады: https://testcenter.kz