"Үздік педагог-2022" байқауына құжат тапсыру мерзімі 25 қыркүйекке дейін ұзартылды
808
Оқу-ағарту министрлігі "Үздік педагог-2022" байқауының бірінші кезеңіне қатысу үшін құжат қабылдау тағы үш күнге ұзартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, бүгінде teachercontest веб-порталында тіркелген үміткерлер саны 4,4 мыңнан асты. Байқауға қатысамын деушілер көп.
"Биыл байқауға қатысуға ниет білдіргендердің көптігін көріп отырмыз. Сол себепті конкурсқа құжат қабылдауды 25 қыркүйекке дейін, екінші кезеңге қатысу үшін 2022 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ұзарттық. Конкурсты өткізу тарихында алғаш рет электронды форматта өткізіп отырмыз. Бұл қатысушыларға байқаудың әр кезеңін бақылап отыруға мүмкіндік береді. Қазір байқаудың үш кезеңі де автоматтандырылған", - деді оқу-ағарту министрлігі.
Айта кетері, байқауға құжат қабылдау биыл 12 қыркүйекте басталған болатын. Оған балабақша, мектеп пен колледж мұғалімдері қатыса алады. teachercontest веб-порталы арқылы өтінім беруге, конкурс құжаттамасын жүктеп алуға және барлық кезеңдегі ұпайларды бақылауға болады.
"Үздік педагог" атағының иегерлеріне 3 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы және арнайы төсбелгі табысталады. Байқау ережелері туралы қосымша ақпарат министрліктің ресми сайтынан табуға болады.