Қазақстан мен Германияның студенттеріне арналған бағдарламаларға қолдау көрсетіледі - ҚР СІМ

477
Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Германия Сыртқы істер министрлігіне «Жасыл Орталық Азия» бастамасы үшін алғыс айтты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

«Тағы бір өте маңызды сала – мәдени-гуманитарлық өзара байланыс. Қазақстанда 200 мыңға жуық этникалық неміс бар. Қазір Германияда Қазақстаннан қоныс аударған 1 миллионға жуық неміс тұрады. Біз халықтар арасындағы достықты сақтау үшін осы «жанды көпірді» одан әрі күшейткіміз келеді», - деді М. Тілеуберді Германияның Федералдық Сыртқы істер министрі Анналена Бербокпен кездесуден кейін.

Сонымен қатар министр студенттер мен оқушылар арасындағы академиялық алмасу бағдарламаларына қолдау көрсетілетінін айтты.


Білім беру бағдарламалары арқылы Қазақстан Республикасында жетекші неміс университеттерінің өкілдіктерін ашуға және Германия үлгісі бойынша жоғары білікті кадрларды кәсіби оқытудың дуалды жүйесін дамытуға басымдық берілмек.

«Қазақстан неміс әріптестерімен және Орталық Азиядағы көршілерімен бірлесе аймақтық және жаһандық климаттық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерінде белсенді ынтымақтасуға дайын. Осы тұрғыда Германия Сыртқы істер министрлігіне «Жасыл Орталық Азия» бастамасы үшін алғыс айтамыз. Қорытындылай келе, Бербок ханыммен өткен келіссөздерді нәтижелі деп бағалап, олардың қорытындылары екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге шығаруға серпін беретініне сенімдімін, - деді Мұхтар Тілеуберді.