Қызылордада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті
Қызылордада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті -деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов аймақта бүгінгі күні дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екенін айтты. Басқарма басшысы бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«Жалпы облыс бойынша емдеу мекемелерінен биылғы жылға 3,1 млрд. теңгеге сұраныс беріліп, 300-ден аса препарат түрлері және ОСМС бойынша 200-ден аса препарат түрлері жеткізілді. Сондай-ақ сирек кездесетін ауру түрлеріне шалдыққан науқастар жергілікті бюджет есебінен 500 млн. теңгеге жуық тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. Биылғы жылы «Қазақстан халқына» қорынан 34 млн. теңгеге 3 науқасты керекті «Цинрайз», «Рисдиплам» препараттармен қамтамасыз ету үшін сұраныс берілді. Алдаға уақытта берілген өтініш бойынша науқастардың препараттармен қамтамасыз етілуі назарда болады», - дейді Олжас Ысқақов.
Сонымен қатар биылғы жылы аймақта республика көлеміндегі білікті мамандардың қатысуымен семинар, тәжірибе алмасу және түрлі тақырыптарда мастер класстар өткізілді.
«Ағымдағы жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген штаттан тыс бас мамандарымен, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының урология, нефрология және бүйрек трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі және өңірдің штаттан тыс бас нефролог дәрігерінің қатысуымен семинар сабақ өткізіліп, мастер класс және науқастарға кеңес жүргізілді. Н.Д.Батпенов атындағы ғылыми орталығының, артроскопия және спорттық жарақат бөлімің маманы жоғары санатты травматолог ортопед күрделі 8 ота жасады. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс республикалық бас ревматолог маманы Мукушева Зәуре Серікпайқызы «Балалар жасындағы аутоиммунды патологияны ерте диагностикалау» тақырыбында ЖТД, ревматолог, педиатр мамандарына семинар өткізіліп, 46 науқасқа кеңес берілумен қатар, 4 балаға буынішілік глюкокортикоидттардың енгізілу тәжірибесін көрсетті. Астана қаласы Ұлттық ғылыми медицина орталығының кардиохирург дәрігері Мынбаев Марат Талғатұлы облыстағы есепте тұратын туа пайда болған ақаумен туылған балаларға кеңес берілді. Онда 62 бала қаралып, 18 бала отаға жіберілді», - дейді басқарма басшысы.
Министрліктің бас неонатальды хирургы Асылжан Ерекешов «Туабітті өт шығару жолдарының даму ақауы», «Туабітті асқазан ішек жолдарының даму ақауы» тақырыптарында мастер класс өткізді.
Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады.
Қазақстан Республикасының халқын дәрілік заттармен қамтамасыз етуді ТМККК және МӘМС шеңберінде тегін медициналық ұйымдар және ақылы негізде жеке меншік дәріханалық ұйымдар жүзеге асырады.
Қызылорда облысында фармацевтикалық қызметпен 328 дәріхана, дәріханалық пункт айналысады, оның ішінде 178-і Қызылорда қаласында орналасқан. Барлық дәріханалар – жекеменшік субъектілері. Дәріханалардағы дәрілік заттардың ассортименті кәсіпкерлік түріне байланысты (микро, шағын, орта, ірі) және орта есеппен 500-ден 5000-ға дейін аталымды құрауы мүмкін. Дәріханалардағы дәрілік заттардың қоры ай сайынғы қажеттілікке, маусымдыққа және халықтың сұранысына байланысты сатып алынады.
Соңғы 3-4 күн ішінде халық тарапынан ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы, антибактериалды, иммуномодуляциялық препараттарға сұраныс күрт артты. Мысалы, бір дәріханадан бір мезетте бұрын бір айлық қор болып есептелетін 2000 конвалюта Аспирин дәрілік затын сатып алу фактісі орын алған. Осындай жағдай наурыз-сәуір айларында халықтың жеке қорғаныш құралдарын жаппай сатып алуы салдарынан дәріханаларда жасанды жетіспеушіліктің туындауына әкелген болатын. Бүгінгі күні барлық дәріхана ұйымдарында жеке қорғану құралдары жеткілікті мөлшерде бар. Қазіргі уақытта дәріхана ұйымдары халықтың қажеттіліктері мен сұранысына сәйкес дәрілік заттарды сатып алуды жүзеге асырады.
Дәрілік заттарға өтінімдердің ұлғаюына байланысты дистрибьютор оларды кешіктіріп жіберуде. Қазіргі кездегі елімізде эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты барлық фармацевтикалық ұйымдар қызметкерлерінің бір бөлігі «қашықтан» жұмыс жасауда. Кейбір дистрибьюторлық ұйымдарда қызметкерлер коронавирустық инфекция жұқтырған және қазіргі уақытта ем қабылдауда. Осындай дәрі-дәрмек тапшылығы республика бойынша барлық аймақта байқалады.
Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, дәріханада дәрігер жазып берген дәрілік зат болмаған жағдайда, дәріхана маманы дәрігердің келісімінсіз пациентке халықаралық патенттелмеген атауымен дәрілік заттың ең төменгі бағасынан бастап бар оның аналогтарын ұсынады немесе емдеуші дәрігермен келісім бойынша оны фармакологиялық аналогпен ауыстырады. Мысалы, «Азитромицин, таблеткалар 500 мг» дәрілік заты әртүрлі сауда атауларымен сатылады, атап айтқанда «Азибиот®», «Азитро®», «Азитромицин-Сандоз®», «Зинфект», «Зиромин», «Сумамед®», «Зитрокс», сол секілді «Парацетамол 500 мг таблеткалар» дәрілік заты «Эффералган», «Панадол», 5 өндірушіде «Парацетамол» сауда атауларымен сатылады.
Әлеуметтік желілерде Қызылорда қаласы дәріханаларында ыстықты түсіретін, вирусқа қарсы, антибактериалды дәрілік заттардың болмауына, сондай-ақ оларға бағаның жоғарылауына байланысты шағымдардың көбеюіне орай департамент Қызылорда қаласы дәріханаларының дәрілік заттармен қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ аталған дәрілік заттардың бөлшек саудада шекті бағаларының сақталуына мониторинг жүргізді.
Жүргізілген мониторинг нәтижесінде дәріханалардың көпшілігінде препараттардың мөлшері жеткілікті екені, ұсақ дәріханалық ұйымдарда кейбір антибиотиктер, ыстықты түсіретін және вирусқа қарсы дәрілік заттар жоқ екені анықталды. Қазіргі таңда дәрілік заттарды дистрибьюторлық қоймалардан алуға тапсырыстар жолданған. Бөлшек сауда бағалары Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген дәрілік заттардың шекті бағаларын сақтау мониторингі бөлігінде Қызылорда қаласының дәріханаларында шекті бөлшек сауда бағаларын арттыру фактілері анықталған жоқ. Жоғарыда көрсетілген бұйрықта 6191 дәрілік заттың атауына бөлшек және көтерме сауда үшін шекті бағалар бекітілді. Дәрілік заттардың шекті бағалары жылына екі рет: 10 шілдеге дейін және 10 қаңтарға дейін бекітіледі. Шекті баға – бұл қандай да бір дәрілік затты жоғары сатуға болмайтын баға, яғни, қандай да бір дәрілік заттардың бағасына жарты жыл ішінде теңге бағамы да, сату маусымдылығы да әсер етпейді. Дәрілік заттардың шекті бағасын DariKZ мобильді қосымшасынан білуге болады.