«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы елді мекен тұрғындарын қабылдауда
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Жетісу облысының Көксу стансасына аялдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Медициналық пойыз стансаға бүгін сағат 23:16-да келіп тоқтайды.
Ал ертеңнен бастап станса тұрғындары дәрігерлердің қарауына барып, қажетті медициналық процедуралардан өте алады.
Пойыз екі күннен кейін, яғни 13 мамыр күні таңертеңгі 08:30-да қайта жолға шығады.
Медициналық пойыздың бағдары медициналық кабинеттері жоқ өңірлерді қамтиды.
Яғни, биыл шалғай стансалардың тұрғындары тегін тексеруден өтіп, терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр сынды біліктілігі жоғары мамандардан ем алады.
Пойыз заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен, УДЗ-мен, флюорографиялық аппаратпен, шағын ота зертханасымен, интернетке сымсыз қосылуға мүмкіндік беретін байланыс құралымен жабдықталған.
Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен және ақпараттық серіктес - Jibek Joly телеарнасымен бірге жүзеге асырады.
Айта кетерлігі, медициналық пойыздың бұл жолғы қозғалыс кестесі де азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініші негізінде шалғайдағы стансаларда медициналық пункттердің жоқтығы ескеріле отырып жасалған.