Қазақстанда 4 мың дәрігер жетіспейді
1 754
Біздің елде 4 мыңдай дәрігер жетіспейді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жалпы тәжірибелік дәрігердің қабылдауына жазыла алмай жүрген азаматтардың шағымы көбейген. Шұғыл жағдайда ғана, оның өзінде тек психиатр, офтальмолог секілді жекелеген мамандарға ғана жазылса болады.
Шағымданушылардың айтуынша, әлдебір дәрігердің қабылдауына жазылу үшін бір, тіпті екі ай бұрын тіркелу керек. Ал айдың ортасында емханаға келіп, қабылдауға тіркелу мүмкін емес екен.
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың сөзінше, медицицна саласына қаржының аз бөлінуінің кесірінен осындай қиын жағдай қалыптасқан. Әр емхана айлық лимитпен шектелген. Егер қызметті көрсетілген шектен артық жасаса сақтандыру қоры шығынды өтемейді.
"Егер қаржыландыру жеткілікті болса, ұзын-сонар кезек те болмайтын еді. Дәрігерлер бар, жабдықтар да тұр, бірақ қаржыландыру болған жоқ", - дейді Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова.
Ал сақтандыру қорының мәлімдеуінше, медициналық қызмет түрлеріне тұрғындар арасында расымен сұраныс артқан.
"Халықтың денсаулық жағдайына және азаматтардың медициналық көмекке қаншалықты жиі жүгінетініне байланысты сұраныс артты. Әсіресе жыл басында медициналық көмекке жүгіну көп болды, бірақ бұл, айталық, қаржыландыру мәселелеріне ешқандай қатысы жоқ", - деп атап өтті медициналық сақтандыру қоры департаментінің директоры Забира Оразалиева.
Денсаулық сақтау министрлігі мамандардың жетіспеушілігі басты мәселенің бірі болып қала беретінін атап өтті. Төрт мыңға жуық дәрігер жетіспейді. Өңірлерде акушер-гинекологтар, неонатологтар, педиатрлар тапшы. Пандемия болған кезде инфекционистер жетіспеді.
Министрлік учаскелік дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесін қарастыруда. Білім мен тәжірибені жетілдіру үшін оларды шетелге, инновациялық әдістерге жіберу жоспарлануда.