«Ана болғым келеді» тележобасы: Қызылордадағы қуаныш

1 575

«Мәриям» қайырымдылық қоры қызылордалық әйелдерге ана бақытын сезіндіруде, - деп хабарлайды “Opennews.kz” ақпарат агенттігі. 

 

Бедеулік дертіне шалдыққан отбасылық жұптарға көмек көрсету мақсатында 2022 жылы Ләйлә Сұлтанқызы Instagram әлеуметтік желісінде «Тегін ЭКО» атты бастама көтерген болатын. Бұл бастамаға «Аңсаған сәби» мемлекеттік квотасына белгілі себептерге байланысты іліне алмаған, бірнеше мәрте өз қаражаттарына ЭКО жасауға талпынған, генетикалық дертке байланысты сәбилі бола алмаған отбасыларды таңдап алған болатын. Елімізде ЭКО бағдарламасын жасатудың орташа құны 2 млн тг. құрайды. Бұндай көлемдегі қаражатты жинауға Ләйлә Сұлтанқызының оқырмандары мен қайырымды жандар көмек көрсеткен еді. Одан бөлек ең үлкен қолдау көрсеткен жандардың қатарында елімізге ең алғашқылардың бірі болып ЭКО бағдарламаны қалыптастырған эмбриолог-репродуктолог Салтанат Берденқызы Байқошқарова және “Ecomed” ұжымын атап өтпесе болмас. 

Игі бастама нәтижесінде әр өңірден бес жұп ЭКО бағдарламадан өтті. Олардың төртеуінде бірінші реттен жасалған эмбрион тасымалынан кейін жүктілік анықталып, айы-күні жеткен шақта ұл-қыздарын бауырына басты. Қызылордалық Айнұр есімді бесінші пациент тек үшінші реттен жүкті болып 10 тамыз күні Мирас есімді ұл баланы дүниеге әкелді. Айнұр бізге хат жолдаған болатын: «Отбасы құрғанымызға 12 жыл болды. Табиғи жолмен 2 рет көтердім 2012 жылы 8 апта замерщий деп алдырып тастадық, 2014 жылы екінші жүктілік 7-8 апта замерщий деп тағы алып тастады. 2016 да Шымкентте "Брак и семья" клиникасында өз қаражатыммен ЭКО жасаттым сәтсіз болды. Квотаға очередьте тұрғаныма 4 жыл болды. Қазір жасым 41 де, 2022 жылдың май айында 42-ге толам жолдасым үйдің жалғыз баласы ұрпақсыз қалама деп қорқам, өзімнің де ана атанғым келеді көмектесіздерме, өтініп сұраймын. Өйткені екі рет сәтсіз экодан кейін үмітім үзіліп қатты стресс алдым, жұмысқа шықпай үйде жатып қалдым. 10 миллиондай ақшамыз кетті осы уақытқа шейін, жұмыс істейміз болницаға қараламыз анализ тапсырып емделеміз, сөйтіп арасында жоғарыда айтқандай өміріміз өтті. Отбасымызда сәбидің иісі мен үні естіліп бақытты шаңыраққа айналсақ екен. Отбасымды сақтауға көмек беріңздерші. Ұйқысыз түндерім мен жылаған күндерімді ұмытқым келеді». 

Осындай шарасыз күйде хат жолдаған Айнұр біраз сынақтан өтіп, бүгінде жолдасы Мейрамбек екеуі ата-ана атанды. Айнұр мен баланың жағдайы қалыпты болғаннан кейін дәрігерлердің рұқсатымен күні кеше 23 тамыз Қызылорда қаласының Ана мен бала орталығынан үйге шыққан болатын. 

Осылайша, жай ғана Instagram желісінде бастау алған қайырымдылық көпшіліктен қолдау тауып, биыл «Жібек жолы» телеарнасынан Ләйлә Сұлтанқызының авторлық бағдарламасы ретінде «Ана болғым келеді» деген атаумен көрерменге жол тартты. Алғашқы маусымда тағы да қайырымды жандардыдың көмегімен алты пациент таңдап алынды. Араға біраз уақыт өткен соң Ләйлә Сұлтанқызы «MARIYAM» деген атаумен қайырымдылық қор ашып, нәтижесінде тағы бес жұп ЭКО бағдарламадан өтуге мүмкіндік алды. 

Бүгінде жалпы саны 11 жұп ЭКО бағдарламадан өтуде. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 20-ға дейін жеткізу жоспарда бар. Осы уақытқа дейін 12 эмбрион тасымалы жасалды. Әзірге 3 жүктілік анықталды. ЭКО бағдарламаны жүргізіп, пациенттерге медициналық-моральдік тұрғыда көмек көрсетіп жатқан білікті репродуктолог-дәрігер Алмаз Құрманәліұлының және әріптестері Ботагөз Серікбайқызын, Ислам Дәуренұлының есімдерін атап өтпесе болмас. 

Осы уақытқа дейін «MARIYAM» қайырымдылық қорының сайтына көмек сұраған жандардан 1000-нан астам хат келіп түсті. Әр хатты біздің дәрігерлер мұқият қарап, хаттың мазмұнын, диагнозын талқылайды. Нәтижесінде диагнозы ауыр, жасы үлкен, бала көтеру мүмкіндігі төмендеу деген қиын жағдайларды таңдайды. 

Қордың және дәрігерлердің мақсаты – сөніп бара жатқан үмітті қайта жалғау, мүмкін емес деген нәрсені ең әуелі Құдайдың және медицинаның көмегімен мүмкін ету. Қоғамда жиі кездесетін өзекті проблемалардың бірі бедеуліктің санын азайту жолында аудиторияны сауатты ақпараттандыру, осы диагнозға душар болған жұптарға көмек көрсету – «MARIYAM» қайырымдылық қорының басты миссиясы.