МӘМС үшін төлеген ақша қайда жұмсалады?

1 377

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сауалдарға жауап берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


МӘМС жүйесі медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, қаржыландыру тапшылығын төмендету қажеттілігіне байланысты енгізілген. Егер 2019 жылы денсаулық сақтау саласына 1,03 трлн теңге бөлінген болса, 2023 жылға қазірдің өзінде 2,5 трлн теңге қарастырылған. Бұл көрсетілетін медициналық қызметтердің санын арттыруға мүмкіндік берді, соған сәйкес азаматтарға медициналық көмек барынша қолжетімді болды.


МӘМС үшін төленетін ақша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түсе ме?


Көп адамдар МӘМС төлемдері Қорға түседі және ол қаражатты Қор өз қалауы бойынша жұмсайды деп қателеседі. Жарналар мен аударымдар Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіндегі арнайы шотқа түседі (яғни, тікелей Қорға емес), олар басқа мақсаттарға жұмсалынбайды.


Жарналар қайда кетеді?


Ұлттық банктегі арнайы шоттан бұл қаражат медициналық ұйымдарға – Қордың жеткізушілеріне – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтерге төлем ретінде жіберіледі. Демек, сақтандырылған азаматтар МӘМС тізбесіне енгізілген барлық қажетті медициналық көмекті денсаулық көрсеткіштері бойынша тегін алады, олар үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді. Мысалы, 2022 жылы МӘМС жүйесінде көрсетілген медициналық көмекке шамамен 836 млрд теңге жұмсалды.


МӘМС-ке қанша қаражат түсті?


2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 30 маусымға дейінгі кезеңде 590,8 млрд теңге көлемінде жарналар мен аударымдар түсті. Оның ішінде жұмыс берушілердің аударымдары – 37,7%, халықтың жеңілдіктерті бар санаттары үшін төленетін мемлекет жарналары – 33,2%, қызметкерлерден түскен жарналар – 24%, басқа төлеушілер (жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, дербес төлеушілер) – 5,1%.


Бұл қаражат МӘМС жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтер үшін төлем ретінде ай сайын жіберіледі.


Егер мен медициналық көмекке жүгінбесем, жарналарымды шешіп ала аламын ба?


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – жинақтаушы жүйе емес, баршаға ортақ жүйе. Қазақстандық модель пациентке денсаулық жағдайы бойынша талап етілетін емнің көлемі мен құнын шектемеу үшін әлеуметтік бағдарланған түрде құрылды.


Мысал ретінде қарастырайық. Бір жыл ішінде мүмкін болатын ең жоғары жарнамен 1 адам тек 168 мың теңге (айына 14 000 теңгеден) жинайды. Бұл қаражат дербес шотта жиналып, пациент оларды өз қалауы бойынша емделу үшін пайдалана алады деп есептейік. Бірақ, бұл сомаға ол шектеулі мөлшерде ғана ем ала алады.


Тек стандартты сынақтар жиынтығы, гормондарды, инфекциялардың болуын тексеру үшін бірнеше ондаған мың қажет. Егер ультрадыбыстық, кардиограмма, КТ/МРТ және басқа аспаптық диагностика қажет болса ше? Демек, бір жыл ішінде жинақталған жарналар диагноз қою үшін толық тексеруден өтуге де жеткіліксіз болуы ықтимал. Сонымен қатар, күндізгі стационарға бару немесе тәулік бойы ауруханаға жату қажет болуы мүмкін.


Егер ота жасалатын болса, олардың құны бірнеше миллион теңгеге жетуі мүмкін, онда пациент жай ғана медициналық көмексіз қалады. Жиналған қаражат емделуге кететін шығынды жабуға жетпейді. Бұл тәсіл пациенттің өзіне тиімсіз.


Сондықтан, МӘМС жүйесінің отандық моделінде барлық қаражат Ұлттық банктегі бірыңғай арнайы шотқа түседі. Ал сол жерден қаражат төлеушінің санатына және төлеген жарналардың мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған азаматтарға МӘМС бойынша көрсетілген медициналық көмек үшін төленеді.


Қосымша сұрақтар немесе медициналық көмекке қатысты мәселелер туындаған жағдайда, сіз өзіңіздің клиникаңыздағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгіне аласыз. Егер жағдайды жергілікті жерде шешу мүмкін болмаса, онда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өзіңізге ыңғайлы келесі байланыс арналары бойынша өтініш жібере аласыз:


Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы

fms.kz ресми сайты

Telegram-дағы @SaqtandyrýBot

1414 бірыңғай байланыс орталығы.


Сондай-ақ, Қор медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебеңізді тексеріп, төлемдер туралы ақпаратты egov.kz электрондық үкіметтің сайтында «Денсаулық сақтау» бөліміндегі «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» қызметі арқылы алуға болатындығын еске салады.