Қазақстандық дәрігерлер пестицидтермен күрес тәсілдерін меңгерді
Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы арнайы семинар өткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оңтүстік астанаға өңірлерден келген токсиколог дәрігерлер, жедел жәрдем қызметкерлері химиялық қоспадан уланған кезде дұрыс диагностика жасауды үйренді. Нақты ем көрсету және денсаулыққа мейлінше зардабын азайту жөнінде тәжірибелерін толықтырды. Бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілдері елдің бес өңірінде зерттеу жүргізген. Тәжірибе фермерлердің пестицидтерді орынсыз қолданатынын, жеке бастың қорғанысына аса мән бермейтінін көрсеткен. «Зиянкестерге қарсы заттың үздіксіз әсері қатерлі ісік ауруына, Альцгеймер және Паркинсон дертіне, гормондық ауытқуға әкеп соқтырады», – дейді дәрігерлер.