Аса қауіпті құтыру дертінің алдын алу – басты міндет

1 547

Фото: 1MIБатыс Қазақстан облысында өткен жылы адамдар арасында құтыру ауруы тіркелмегенімен, бұл аса қауіпті дерттің қаупі әлі де сақталып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

2025 жылы құтыруға қарсы медициналық көмекке 2 573 адам жүгінген. Олардың басым бөлігі ит пен мысықтан, сондай-ақ басқа жануарлардан зардап шеккен.

Ветеринария саласының мәліметінше, биыл облыста ірі қара мал арасында құтырудың 4 ошағы анықталған. Ауру тіркелген шаруашылықтарда шектеу шаралары енгізіліп, қажетті ветеринариялық іс-шаралар толық жүргізілген.

Құтырудың алдын алу мақсатында өңірде мыңдаған мал мен үй жануарларына вакцина салынған. Мамандардың айтуынша, құтыруға қарсы вакцинация – бұл қауіпті аурудан сақтанудың жалғыз жолы.

Ғалымдардың дерегінше, жыл сайын әлемде шамамен 60 мың адам құтырудан көз жұмады. Қазақстанда соңғы 10 жылда бұл дертке 27 адам шалдыққан. Құтырудың емі жоқ, бірақ оны алдын алу арқылы болдырмауға болады.

Мамандар тұрғындарды жануарларды ұстау ережелерін сақтауға, үй жануарларын жыл сайын вакцинациялауға және жануар тістеген жағдайда дереу дәрігерге жүгінуге шақырады.