Дәрігерлер 35 жастағы әйелді аман-есен босандырып, алты ісікті алып тастаған

2 504

Фото: Morsa Images/Getty ImagesАлматы облысында жатырдың көптік миомасы диагнозы қойылған 35 жастағы әйелге күрделі операция сәтті жасалған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Күрделі отаны Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының дәрігерлері жасаған.

Облыс тұрғынында жатыр миомасы жүктіліктің ерте кезеңінде анықталған. Соған қарамастан дәрігерлердің тұрақты бақылауының арқасында әйелдің жүктілігі 37 аптаға дейін сәтті өткен.

Жүктілік мерзімі толық жеткеннен кейін мамандар жоспарлы түрде операциялық жолмен босандыру туралы шешім қабылдаған.

Дәрігерлер жоспарлы кесарь тілігі кезінде 35 жастағы әйелді аман-есен босандырып, бір мезетте жатырдағы көлемі 4-тен 10 сантиметрге дейін жететін алты миома түйінін алып тастаған.

Күрделі хирургиялық араласу барысында дәрігерлер жатырды сақтап қалған. Операцияға үш акушер-гинеколог қатысқан.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Гүлжаһан Жұмадуллаеваның айтуынша, жатыр миомасы әйелдің ана атану мүмкіндігін шектемейді, алайда мұндай жағдайда мамандардың тұрақты бақылауы қажет.

"Әрбір жағдай жеке қарастырылады. Сондықтан әйелдер гинекологтың тұрақты бақылауында болып, уақытылы тексерулерден өтіп, жүктілікті жоспарлау мәселесін дәрігермен алдын ала талқылағаны жөн. Ерте диагностика мен дұрыс таңдалған емдеу тактикасы репродуктивтік денсаулықты сақтап, ана атануға мүмкіндік береді", - деді Гүлжаһан Жұмадуллаева.